Бірлігі мықты жастар – болашаққа жол бастар!
Жастардың мәселесі – мемлекеттік саясаттың маңызды нысаны. Сол үшін әр өңірде жастардың әлеуметтік әрі тұлғалық дамуына жәрдемдесетін ресурстық орталықтар құрылған болатын.
Орталықтың негізгі міндеттеріне жергілікті жердегі жастарды жұмысқа тұруға дайындау, цифрлық сауаттылығын арттыру, волонтерлік қызметті дамыту, жас отбасылармен жұмыс істеу, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, әлеуметтік желілерде ақпараттандыру, түрлі мәдени шаралар ұйымдастыру, әлеуметтік зерттеулер жүргізу сынды маңызды бағыттар кіреді.
Байзақ ауданында да жастар ресурстық орталығы тындырымды тірлік атқаруда. Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Мұхтар Қозбаевтың айтуынша, аймақтағы мемлекеттік жастар саясаты 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» Заңы және мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде жүзеге асуда. Бүгінде ауданда 14-35 жас аралығында 31 498 жас бар. Олар аудан халқының 30,2 пайызын құрап отыр.– Биыл ауданда 4 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аталған шараға 15 жұмыс беруші мекеме қатысып, 100 бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкеге 189 жұмыссыз қатысса, оның 129-ы жастар. Жәрмеңке қорытындысында ақылы қоғамдық жұмыстарға 45, әлеуметтік жұмыс орындарына 19 жас жіберілсе, 20 түлек «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына жолданды. Ал 45 азамат кеңес алған.Ауданда 2024 жылға бекітілген межеге сәйкес 100 жасты «Жасыл ел» бағдарламасы аясында жұмысқа тарту көзделген. Бүгінде бағдарламаға қатысу үшін уақытша бос жүрген жастарға ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бағдарлама бойынша жұмысқа қабылдау жаз және күз айларына жоспарланған.
Тағы бір айта кетерлігі, аудан әкімдігінің бөлімдерімен бірге ауыл және ауылдық округтерде мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау қолға алынды. Оның ішінде «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба», «Бизнестің жол картасы-2025», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар тәжірибесі» сияқты бағдарламаларды түсіндіруге басымдық берілуде. Осы мақсатта «Jastarga kenes» жобасы бойынша ауылдық округтерде жастарға кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, тұрғын үй, құқықтық, психологиялық секілді түрлі бағытта кеңестер беру үшін бірқатар сала мамандарын тарта отырып, 18 көшпелі кеңес беру алаңы ұйымдастырылды. «Отбасы банкі» акционерлік қоғамы мамандарының кеңестері нәтижесінде 28 жас тұрғын үй алу және бастапқы жарналарды жинақтау үшін депозит ашты, – дейді орталық директоры.
Мұхтар Өмірғалиұлының айтуынша, бүгінге дейін ауданда 2 923 жасқа әртүрлі бағытта консультациялық кеңестер беріліп, жастар мәселесін оңтайлы шешу мақсатында тиісті мекемелерге жолданыпты.
Сондай-ақ облыс әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан NEET санатындағы 3 155 жастың тізімі жіберілген. Ауданда жастарға адрестік талдау жұмыстары жүргізіліп, өзектендірілуде. Аталған санаттағы жастардың барлығы «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіне енгізілген. Атап айтсақ, қаңтар айында білімгерлер санатындағы орта білім алатын 6 және шетелде білім алатын 1 жас өзектендіріліп, нәтижесінде аталған санаттағы жастар көрсеткіші болмаған. Бұл жұмыстар Байзақ аудандық білім бөлімімен бірлесе атқарылыпты.
Сондай-ақ тіркелмеген жеке кәсіпкер жыл басында 396 жасты құраса, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесе жұмыс атқарудың нәтижесінде 38 өрен кәсіпкер ретінде тіркеліпті. Сонымен қатар басқа да санаттағы жастар, яғни үй шаруасындағы 196 азаматқа қатысты өзектендіру бойынша тапсырма беріліп, адрестік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көрсетілген мекенжайда тұрмайтын 298 жастың мәліметтері аудандық көші-қон қызметіне арнайы тізім арқылы хатпен жолданған.
– Айта кетейік, осы маусым айынан бастап «Жасыл ел» бағдарламасы аясында маусымдық жұмыстар басталды. Осыған байланысты жалдамалы жұмысшы санатындағы 30 өрен еңбекпен қамтылды. Сонымен қатар интеллектуалды ортаны қалыптастыру, проблемаларды білім жолымен шешу мақсатында 5 кезеңнен тұратын «IQ JASTAR» интеллектуалды ойыны ұйымдастырылуда. Бүгінгі таңда аталған ойынның 4 кезеңі өткізілді.Сондай-ақ жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін уақытша бос жүргендер және пробация есебінде тұрғандармен «BAIZAQ CUP» атты кіші футболдан жарыс ұйымдастыру жоспарланған.Жоғарыда аталған санаттағы азаматтарды кәсіппен баулу мақсатында «Мобилография» курсы шілде айында өткізілетін болады, – дейді М.Қозбаев.
Мұнымен бірге мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын орындау және уақытша бос жүрген жастардың уақытын тиімді өткізу мақсатында биыл қаңтар және сәуір айларында 621 іс-шара өткізіліп, оған 15 140 тұрғын қамтылған екен.Еріктілер клубының мүшесі ретінде қазіргі уақытта 211 адам тіркелген. Биыл аудан еріктілері 59 іс-шара өткізіп, 318 жанға өз көмектерін көрсетті. Сонымен қатар 4 ерікті облыстық төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырған курсқа қатысып, сертификатқа ие болды.Ауданда жастар ресурстық орталығы жанынан «Қамқор» қайырымдылық дүкені ашылып, қазіргі уақытта мұқтаж азаматтар өздеріне қажетті киім-кешек алуда.Биыл ақпан айында ауданда жайдарманшылар клубы құрылып, оған 130 жас тіркеліпті. Бүгінгі күнге «Әдеби жігіттер» командасы Астана қаласында өткен «Маусымашар-2024» ойынына қатысып, чемпиондар лигасы құрамына өтті. Алдағы уақытта олар республикалық ойындарда бақ сынайтын болады. Клуб аудан әкімінің кубогы үшін ойындар ұйымдастыруда. Сонымен қатар қыркүйек айынан бастап 10-16 жас аралығындағы жасөспірімдер үшін «Бала жайдарман» кубогын ойнату жоспарда бар екен.
Аудан бойынша осы жылы «Baizaq» пікірсайыс клубы құрылып, ережесі бекітіліпті. Аталмыш клуб мүшелігіне 33 орта мектептегі дебат клубтары біріктірілген. Жұмысқа тартылған 33 жетекші білім басқармасының «Еркін пікір жас дебатшылар» клубында біліктілік арттыру курсынан өткізілген. Клубтың жұмыс жоспары бекітілген. Соған сәйкес Шәкен Аймановтың 110 жылдығына арналған облыстық турнир ұйымдастырылыпты.Орталық директоры сөз соңында жастардың қатысуымен мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.