Жаңалықтар

Бірнеше отбасы Түркияда оқып жатқан балаларын іздеп бізге жүгінді - Айбек Смадияров

Бірнеше отбасы Түркияда оқып жатқан балаларын іздеп бізге жүгінді - Айбек Смадияров

Кейінгі тәулік ішінде Түркияда балалары оқып жатқан бірнеше қазақстандық отбасы Сыртқы істер министрлігіне жүгінген. Бұл жайында ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров БАҚ өкілдерімен өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат . «Кейінгі тәулік ішінде бірнеше отбасы Түркияда оқып жатқан балаларын іздеп жүгінді. Қазір ол ақпараттың бәрі тексеріліп жатыр. Әзірге нақты ештеңе айта алмаймын. Өйткені, білесіздер, гуманитарлық апат болған кезде жергілікті билікпен байланыс орнату бойынша кейбір қиындықтар туындайды. Жалпы, түрік билігі біздің азаматтар бар болса немесе жоқ болса, ол туралы дереу хабарлайды. Түрік билігімен жақсы байланыс орнатылған», - деді Айбек Смадияров. Сондай-ақ, ол қазақстандықтарға Түркиядағы туыстарын іздеп, ол елге ұшып шықпауға кеңес берді. «Егер азаматтарымыз Түркиядағы туыстарын өз бетімен іздеу үшін шыққысы келсе, олай істеудің қажеті жоқ. Өйткені, Ыстамбұл қаласының әуежайындағы жағдайды видеодан көрдік. Мыңдаған адам ұшып шығуға дайын жүр. Бірақ, алғашқы кезеңде ол жақта бір жерден бірдеңе табу қиын болады. Мамандар осы мәселемен айналысып жатқандықтан, күту керек. Тіпті, олар қираған орындарға жіберілмеуі де мүмкін. Өйткені, олардың тиісті біліктілігі жоқ», - деді СІМ ресми өкілі. Еске салсақ, Түркияның оңтүстік-шығысында болған зілзаладан қаза тапқандар саны 2 921 адам екені хабарланған еді. Соңғы деректер бойынша, апатан зардап шеккендер саны 3 419-ға жеткен. Бүгін таңертең Қазақстан ТЖМ 41 құтқарушысы апат салдарын жоюға көмек көрсету үшін Түркияға жетті. Қазіргі таңда Түркияда қалған Қазақстан азаматтарын Газиантеп қаласынан елге әкету шаралары жүргізіліп жатыр. Елге қайтамын деген Қазақстан азаматтары 7 ақпан сағат 12:00-де Газиантеп қаласының әуежайында тиісті процодурадан өтіп, дайын болуы тиіс. Сонымен қатар, Қазақстанға оралуға ниетті азаматтар тізімін жасау үшін +90 538 8807041, +90 3124919100 телефон нөмерлеріне хабарласуы керек. Айта кетсек, Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі Түркиядағы жағдайға байланысты азық-түлікпен гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Ал, Қазақстан құтқарушыларын апарған бортпен Түркиядан 16 қазақстандық және 2 Қырғыз Республикасының азаматы Астанаға жеткізіледі. Сондай-ақ, Түркиядағы жер сілкінісіне байланысты шұғыл желі ашылды.