Биыл алғашқы Жайлы мектептер есігін айқара ашты
Жамбыл облысында тағы 3 мектептің құрылысы жүргізілуде
Күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен Тараз қаласында заманауи үлгіде жабдықталған білім ордасы ашылды. Жас ұрпақтың сапалы білім мен тәрбие алып, жан-жақты дамуына қажетті жағдайдың барлығы жасалған Жайлы мектептің облысымызда осымен екіншісі оқушыларға есігін ашты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Тараз қаласының «Бәйтерек» мөлтек ауданынан бой көтерген бұл мектеп 1200 орындық, білім алушылар мен педагогтерге қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасалған. Педагогтерге қажетті жұмыс аймақтарымен, бастауыш сыныптармен, негізгі және орта мектептерге жеке блоктармен, әмбебап шеберханалармен, заманауи оқу бөлмелерімен қамтамасыз етілген.
Айта кету керек, енді бұл мектептің өз медиа орталығында жаңалық тарататын жас тілшілер тәрбиеленбек.
Айта кетейік, жаңа мектептің пайдалануға берілуі «Бәйтерек» мөлтек ауданында орналасқан №3 мектеп-лицейдегі үш ауысымдық мәселесін шешті. Бүгінгі күнге 1485 оқушы қабылданды, оның ішінде 1051 оқушы №3 мектеп-лицейден ауысқан. Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің №57 бұйрығының 136-тармағының негізінде №3 мектеп-лицейден 45 педагог ауысу тәртібімен жұмысқа қабылданды. Сонымен қатар, конкурстық негізде де қабылданған мұғалімдер бар. Мектеп екі ауысымда жұмыс істейді.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында Тараз қаласында тағы 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның бірі 600 оқушыға арналып, «Шөлдала» алқабында салынып жатыр. Қалған екеуі «Ұлы дала» ықшам ауданында тұрғызылуда, оның біреуі 1200, екіншісі 2000 орындық.