Биыл мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы 6,5% өсті
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 53,2 млрд теңге бөлінді. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша 7,4 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер жүргізілді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қазақстанда 2025 жылдың 1 қаңтардан бастап мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 6,5%-ға артты. Бұл ең төмен күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты жүзеге асырылды.
2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны 541,7 мың адамды, ал асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушылар саны 193,3 мың адамды құрады.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері мүгедектік тобына, себебіне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты белгіленеді. 2025 жылы оның мөлшері 1-топ үшін – 101 702 теңгені, 2-топ үшін – 81 362 теңгені, 3-топ үшін – 55 474 теңгені құрайды.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақының мөлшері қайтыс болған адамның асырауындағы адамдар санына және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты есептеледі.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға еңбек ету қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) қосымша төлемдер қарастырылған. 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша бұл төлемдерді 86,1 мың адам және 61,3 мың отбасы алды.
Орташа төлем мөлшері:
еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша – 71 245 теңге,
асыраушысынан айырылу бойынша – 72 214 теңге.
Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша ретінде қарастырылған.