Биыл Жамбылда 26 867 адам жұмысқа орналасты
Ал, 13 507 адам тұрақты жұмыспен қамтылды деп хабарлайды Jambylinfo.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру шаралары қаралды.
Басқосуда жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндады.
Биыл 60 672 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған десек, 1 шілдедегі жағдай бойынша жылдық жоспар 56 пайызға (33 963 адам) орындалған.
Бүгінде 26 867 адам жұмысқа орналасты. Ал, 13 507 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Жұмыспен қамтудың өңірлік карталары аясында 33 440 жұмыс орны құрылды. Мемлекет басшысының «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» тапсырмасына сәйкес облыста 14 331 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Электронды еңбек биржасы арқылы 1 122 адам жұмысқа орналастырылды. Субсидияланатын жұмыс орындарына 13 360 адам тартылып, есепті кезеңде оның 1500-ге жуығы тұрақты жұмысқа ауысты. 3 922 жұмысссыз кәсіптік оқумен қамтылды.
Халықтың әлеуметтік осал топтарына, яғни 504 адамға қайтарымсыз грант берілді. 362 адамға 2,5 пайыздық микрокредит беру жоспарлануда.
Өңірдегі 55 423 адамды атаулы әлеуметтік көмекпен (АӘК) қамту көзделген. Қазіргі таңда 5 239 отбасындағы 28 044 адамға әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұдан бөлек, 1 жастан 6 жасқа дейінгі 8 692 балаға ай сайынғы қосымша төлем төленді. АӘК алатын, еңбекке қабілетті 4,9 мың адам жұмысқа орналасты.
Басқосуда облыс әкімі басқарма басшысынан бұған дейінгі кеңесте берген тапсырмаларының орындалу барысын сұрады.
Сонымен бірге халықты жұмыспен қамту көрсеткіштері төмен қалыптасқан аудан әкімдерінен есеп алынды.
Ербол Қарашөкеев электронды еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналасқан азаматтардың зейнетақы жарналары тұрақты түрде аударылуы тиіс екенін айтты.