Боксшы Махмұд Сабырхан Париж олимпиадасын аяқтады
Жерлесіміз бірінші айналымда испаниялық Хосе Бротонс Квилестен 1:4. есебімен жеңілді
Париж олимпиадасында бокстан 57 келіде ел намысын қорғаған Махмұд Сабырхан бірінші айналымда испаниялық Хосе Бротонс Квилестен жеңіліп, олимпиаданың жүлдесінен құр қалды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Махмұд Сабырхан испандық қарсыласына 1:4. есебімен есе жіберді.
Журналистерге берген сұхбатында ол шаршы алаңда жеңіске жету үшін барын салғанын алға тартқан.
"Олимпиаданың жүлдесі бұйырмады. Мен қолымнан келгеннің бәрін істедім", -деп боксшы қысқа қайырған.
Айта кетейік, Махмұд Сабырхан 2023 жылғы әлем чемпионы. Париж олимпиадасында жүлде алады деп сенген спортшының бірі болды. Алайда Сабырханға олимпиада жүлдесі бұйырмады.
Еске салайық, Париж олимпиадасына жеті қазақ боксшысы барған. Өкінішке қарай, оның үшеуі жарысты аяқтады. Атап айтқанда, Асланбек Шымбергенов, Қамшыбек Қоңқабаев, Махмұд Сабырхан төрт жылдықтың басты бәсекесінде жүлдесіз қалды.