Жаңалықтар

«Болашақ» бағдарламасымен бірде-бір орманшы шетелде білім алмаған – Еділ Жаңбыршин

Депутат орманшыларды Түркия, Оңтүстік Корея, Канада, Балтық елдеріне оқуға жіберуді ұсынып отыр

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин «Болашақ» бағдарламасы аясында орман саласының мамандарын даярлауды ұсынды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Депутаттың айтуынша, қазір орман мекемелерінде кадр жетіспейді. Мысалы Шығыс Қазақстан облысының 13 орман шаруашылығында 747 орманшы қызмет етеді. Бұл нормативтің 70%-ы.

Оның пікірінше, жоғары оқу орындарында «орман ісі» мамандығы бойынша гранттар санын арттыру қажет. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігі оқу орталықтарының базасында орман өртін сөндіру станцияларының қызметкерлерін оқыту мен үйрету жұмысын қолға алғаны жөн.

Бұған қоса, депутаттың айтуынша, орман өртін болғызбау және оған қарсы күрестің заманауи әрі тиімді шаралары қолданылатын елдермен ынтымақтастық орнатып, олардың тәжірибесін қолдану керек. Ондай елдердің қатарына Түркия, Оңтүстік Корея, Канада, Балтық елдері және басқалары кіреді.