Боранда жолда қалған саяхатшыларды үйіне қонақ еткен жамбылдық полиций елді тәнті етті
Алматыдан Шымкентке шыққан Icaravan саяхатшылар тобы Айша бибі ауылы маңында жолда қалған
Әлеуметтік желіде боранды күні жолда қалған жолаушыларды үйіне мейман еткен жамбылдық полицейдің видеосы тарады. Jambylinfo.kz. тілшісі халықтың ыстық ықыласына бөленген азамат Тараз қалалық ППБ инспекторы Серік Есенғали екенін анықтады.
Жамбыл облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жолда қалған жолаушыларға жақсылық жасаған Тараз қалалық ППБ инспекторы Серік Есенғали екен. Бір қызығы, Серік Есенғалидің бауыры Шыңғысхан Есенғалиұлы да ПД ЖҚАЖ инспекторы болып жұмыс істейді.
Оқиға былай болған. Күні кеше Алматыдан Шымкентке шыққан Icaravan саяхатшылар тобы Айша бибі ауылы маңында күре жолдың ашылғанын күтуге мәжбүр болған. Серік Есенғали қаңтардың қақаған аязында жолда қалған шетелдік туристермен етене танысып, боранды күні оларды далада қалдырмай, үйіне апарып қонақжайлық көрсеткен.
Әлеуметтік желі қолданушылары халқымызға тән бауырмалдық пен қонақжайлық танытқан азаматтың ісіне ризашылықтарын білдіріп, жүрекжарды пікірлерін жазған. Қазіргі уақытта бұл ролик жүзге жуық қаралым жинаған.