ҰБТ-да талапкердің компьютеріне қашықтан қосылып, жоғары балл алуға көмектескен күдіктілер ұсталды
ҰБТ-да талапкердің компьютеріне қашықтан қосылып, жоғары балл алуға көмектескен күдіктілер ұсталды
Арнайы бағдарламаларды қолдану арқылы ҰБТ тапсырған талапкерлер мен ПББ тапсырған педагогтердің компьютерлеріне қашықтан қосылып, оларға тесттен жоғары нәтижелер алуға жәрдем көрсеткен күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Жамбылинфо ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстары бойынша департаменттері прокуратура органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, өңірлерде Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) және педагогтердің білімін бағалауды (ПББ) жүргізуге жауапты ұйымның жеке қызметкерлерінің тестілеу процесіне заңсыз араласу әрекетін тыйды. Серверлік жабдыққа және басқа да ақпараттық ресурстарға қол жетімдіктерін пайдаланып, күдіктілер арнайы бағдарламаларды қолдану арқылы талапкерлер мен педагогтардың қызығушылық танытқан компьютерлеріне қашықтан қосылып, ақшалай сыйақы үшін оларға тесттен жоғары нәтижелер алуға жәрдем көрсеткен. 2023 жылғы 19 шілдеде 3 негізгі күдікті ұсталды. Тінту барысында қашықтан қосылуды қамтамасыз ететін техникалық құрылғылар мен бағдарламалар, ақшалай қаражат және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 207 «Ақпараттық жүйенің немесе телекоммуникациялар желісінің жұмысын бұзу») және 210 баптары («Зиян келтіретін компьютерлік бағдарламалар мен бағдарламалық өнімдерді жасау, пайдалану немесе тарату») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді. 2022 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті осыған ұқсас қылмыстар жасағаны үшін 6 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартты.