Құбылған баға қалтаны қағуда
Құбылған баға қалтаны қағуда
Ашыққаннан құныққан жаман» демекші, көп жағдайда бағаны арадағы делдалдар құбылтады. Одан билік өкілдерінің де хабары бар. Сол үшін «Алқаптан сөреге» жобасы, «Әлеуметтік дүкендер» желісі қолға алынған. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, әлеуметтік азық-түлік бағаларының шекті бағамы белгіленген. Өткен жылы шекті баға талабын сақтамаған 29 кәсіпкердің үстінен хаттама толтырылған. Сөйтіп, оның 8-іне айыппұл салынған. Дегенмен азық-түлік бағалары былтырғымен салыстырғанда біршама көтерілген. Атап айтсақ, күріш – 29,9, бірінші сортты ұн – 24,8, қарақұмық жармасы – 28,1, бірінші сортты ұн наны – 11,5, макарон – 27,5, сиыр еті – 5,2, тауық еті – 22,7, айран – 20,3, сүзбе – 9, жұмыртқа (10 данасы) – 22,9, сарымай – 32,5, күнбағыс майы – 15,7, пияз – 59, картоп – 19,7, шекер – 91,8, тұз 25 пайызға өскен. – Қазір облыста 32 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр. Оның 16-сы Тараз қаласында ашылған. Онда 19 әлеуметтік азық-түлік пен көкөніс шекті бағадан асырылған жоқ. Қарапайым халық үшін қолжетімді бағада өткерілуде. Көкөніс пен жеміс-жидек аудандардағы шаруа қожалықтарынан төмен бағада жеткізіліп тұрады. Ал сүт өнімдері ірімшік зауыттарынан келсе, қарақұмық, қант пен басқа да әлеуметтік маңызы бар тауарлар облыстық тұрақтандыру қорынан жеткізіледі, – дейді Аспандияр Сейсебаев. Сауда нарық бағамына байлаулы. Оған кейде биліктің де шамасы келмей жатады. Мәселен, жаңа жылға дейін қияр – 750 теңге, қызанақ 500 теңгенің төңірегінде болатын. Ал жаңа жыл қарсаңында қияр 1400- 1500, қызанақ 750-ден-1000 теңгенің арасында өткерілді. Бұл жерде алма бағасы ғана тұрақты болды. Өткен жылы жеміс-жидектің көп болуы оның бағасының тұрақтылығына алып келеді. Алдыңғы жылы Құрбан айтта алманың бағасы 400-450 теңгеден 1000 теңгеге бір-ақ жеткен болатын. Сол сияқты сәбіздің де бағасы 80 теңгеден 350 теңгеге, картоп бағасы 45 теңгеден 500 теңгеге қымбаттағаны елдің есінде болар. Қазіргі таңда сол картоптың бір килограмы 140 пен 178 теңге аралығында өткерілуде. Осы орайда «Ауыл- Береке» базарындағы Мәдина есімді сатушыны сөзге тартқан едік: «Мереке сайын кейбір азық-түлік түрлерінің бағасы екі-үш есеге артып кететіні рас. Бағаның көтерілгенін біз де қаламаймыз. Бірақ бізге де тауар жеткізетіндер бағаны көтеріп әкеледі. Содан кейін біз орынпұлымыз үшін қосамыз. Негізінен билік тарапынан бағаға бақылау қойылса деймін. Арадағы делдалдар жойылмай, бағаның осылайша құбылғаны-құбылған», деді ол. Бүгінгі таңда бағаның бұлай шарықтауына жалғыз доллар ғана емес, Ресейге салынған шектеулер де әсер етуде. Әсіресе импорт бағасында шарықтау басым. Сұраныстың артуы құрылыс заттарының да қымбаттауына әкелді. Өйткені құрылыс заттарының басым бөлігі шет мемлекеттерден жеткізіледі. Оның салдары өз кезегінде тұрғын үй бағасының бірнеше миллион теңгеге жоғарылауына әкеліп отыр.