Жаңалықтар

Дәрігер мамандығының беделі артып келеді – Үкімет басшысы

Дәрігер мамандығының беделі артып келеді – Үкімет басшысы

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың пайымынша, елімізде дәрігер мамандығының беделі артып келеді. Ол бұл сөзіне дәрігерлердің айлығы қалай өсіп жатқанын мысал етіп келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат . «Біздің міндетіміз – әрбір азаматты сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету. Бұл үшін денсаулық сақтау объектілерін салуға, медициналық техника сатып алуға, заманауи технологияларды енгізуге, кадрларды оқытуға қомақты қаражат жұмсалуда. Қазіргі таңда магниттік-резонанстық томография, компьютерлік томография сияқты қымбат медициналық зерттеулер қолжетімді болды. Былтыр науқастарды радиохирургиялық емдеуге арналған Орталық Азия елдеріндегі тұңғыш Гамма-пышақ орталығы ашылды. Медицина қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай өсті. Биыл олардың орташа жалақысы 420 мың теңгені, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 234 мың теңгені құрады. Дәрігер мамандығының абырой-беделі арта түсуде»,- деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында. Сондай-ақ, ол «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы әзірленіп жатқанын еске салды. «2025-ші жылға қарай ауылдық елді-мекендерде 650 алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектісін салу көзделіп отыр. Сондай-ақ, 32 аудандық аурухана жаңғыртылатын болады. Жалпы, жүргізіліп жатқан жүйелі шаралар денсаулық сақтаудың сапасын жақсартуға және қолжетімді болуына бағытталған», - деді Премьер-Министр.