Жаңалықтар

Имамдар дем салғанда жындар күш көрсетіп, айбат шегеді

Имам Махмуджон Асадуллаев тілшілерге жын әлемі туралы айтып берген еді, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

– Арнайы аяттарды оқып, дем салғанда жындар өзімізге күш көрсетіп, айбат шегеді. Кәпір және мұсылман жындар болып бөлінетін олар адамның ішіне түрлі жағдайда кіреді. Менің ұстазым қасына ауырып тұрған адам келгенде, ішінде жын бар екенін бірден сезіп қояды. Науқасты оқыған сәтте ішіндегі жын сөйлеп, не себепті оның ішіне кіргенін айта бастайды. Бір кісі моншада шомылып жатқанда, бір шелек суды жынның балаларына шашып жіберген екен. Олар күйіп өліп қалады. Жын ол кісіден кек алып, қинап, өлтіру мақсатында ішіне кіріп алған екен. Жынмен тілдескен ұстазым: «Бұл адам балаларыңды көріп тұрып әдейі өлтірген жоқ. Бұл абайсызда болған оқиға. Енді сен бұл кісінің бойынан шық, бұл адамды мазалама» дегенде жын: «Құран сүрелерінде арнайы жерлерге барғанда оқылатын түрлі сүрелер бар. Бұл адам егер моншаға кіргенде оқылатын дұға аяттарын оқығанда, мен сол кезде балаларымды алып, шығып кетер едім. Енді өзінен көрсін» деп қасарысқан екен. Бірде екі жас отау құрған еді. Келіншек жүзі жылы, мінезі салиқалы, өте жақсы келін болып шықты. Бірақ, күйеуін қасына жақындатпай, ұрып-соғып, айбат шегеді екен. Ертесі үйіне шақырды. Келін өз тірлігін істеп жүр. Ештеңе байқалмайды. Келіншекпен жеке сөйлесіп, мән- жайды сұрастырдық. Жын тек келіншектің көзіне көрінеді екен. Күйеуі екеуінің ортасына дәу қара жылан болып жатып алатын көрінеді. Күйеуі жақындағанда әйел тұншыға бастайды да, бойына ерекше күш дарып, күйеуіне шабуыл жасайды. Бұл жынмен сөйлесу барысында қызға ғашық екенін білдік. Қанша талпынғанымызбен, әйелдің бойынан әлгі жынды шығара алмадық. Соңыра екі жас ажырасып тынды, – деді Махмуджон Асадуллаев.