Денсаулық сақтау саласында 86 жоба жүзеге асады
Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласында 86 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова айтты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің төрағалығымен өткен кеңесте басқарма басшысы салада атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Жанар Оспанованың айтуынша, өңірді дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес тиісті кезеңде салада 86 жоба іске аспақ. Атап айтқанда, облыс бойынша 15 денсаулық сақтау нысаны мен 2 емхананың, Тараз қаласында 200 төсекке арналған облыстық онкологиялық диспансері мен Байзақ ауданында 250 келушіге арналған емхананың құрылысы жүргізіледі.
- Бұдан бөлек 6 дәрігерлік амбулатория мен 18 медициналық пункт, 2-і фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысын жүргізу көзделуде. Қосымша 17 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Барлық жобалар ауылдарды тиісті медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және халықты сапалы қызметпен қамтуға мүмкіндік береді, - деді басқарма басшысы.
Аталған жобаларды іске асырудың нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейі айтарлықтай төмендеп, медициналық құралдармен жабдықтау деңгейі жақсара түседі деп күтілуде.
Сондай-ақ өңірдегі дәрігерлер тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жұмыстар қолға алынған. Бүгінгі таңда облыстың грантымен жалпы медицина мамандығы бойынша 42 студент білім алуда. Ағымдағы жылы жоғары оқу орнынан кейін 16 дәрігер жұмысқа кірісті. Соңғы 3 жылда 415 жас маман келді. Оларды тұрақтандыру мақсатында көтерме ақы, жәрдемақы бөлу және тағы басқа жеңілдіктер қарастырылған.
Айта кету керек, соңғы 3 жылда жергілікті бюджет есебінен 9,1 млрд. теңгеге материалдық техникалық базаны нығайту мақсатында медициналық құрал-жабдықтар мен бұйымдар алынған. Нәтижесінде, облысты медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету көрсеткіші 91,96 пайызды құрады.
Басқосу барысында басқарма басшысы тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамту, ауру көрсеткіштеріне жеке-жеке тоқталып, бірқатар мәселелерді атап өтті.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктелді.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз