Депутат: «Дипломмен ауылға» барған жастар қалаға қайта көшуде
Депутат: «Дипломмен ауылға» барған жастар қалаға қайта көшуде
Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай «Дипломмен ауылға» бағдарламасының талаптарын қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАпарат тілшісі. «Қазақстанда 2009 жылы қабылданған «Дипломмен ауылға» жобасы бүгінге дейін жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында келген маманға 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) біржолғы көтерме жәрдемақы беріледі. Ал тұрғын үй сатып алу үшін жылдық 0,01 % мөлшерiнде 15 жылға дейінгі мерзiмге 1 500 (АЕК) айлық есептік көрсеткіште кредит түрінде әлеуметтік қолдау шаралары ескерілген. Бұл бағдарламаның жүзеге асып жатқанына 14 жыл болды. Мамандарға мұқтаж өңірлер көбеймесе, азайған жоқ. Өз міндеттемесін орындап, үш жыл ауылда жұмыс істеген мамандар тиісті мерзімі аяқталған соң жүгін буып-түйіп, қайтадан қалаға көшіп кетіп жатыр. Жылдар бойы бюджеттен қаржы құйылып келген бағдарлама неге міндетін мінсіз орындай алмай жатыр?», - деді Н. Сайлаубай Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің атына жолдаған сауалында. Оның айтуынша, көшкен жас мамандардың бағдарламадан айнып, қалаға қайтып кетуінің салмақты себебі – тұрғын үйді сатып алу қиындықтары және орталықтандырылған су мен жылудың жабдықталуының жоқтығы. «Нәтижесінде, көптеген ауыл әлі күнге дейін тәжірибелі мұғалімсіз, білікті дәрігерсіз отыр. Мемлекеттен берілетін бірреттік 345 мың теңге неге жетеді?! Қазір азық-түліктің ауылдағы құны, қаладағы бағамен бірдей. Үйге деп берілетін 5 миллион теңгеге үй ала аласыз ба? Осы орайда, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, ауылға барған мамандарға жағдай жасау мақсатында тиісті ұсыныстарды даярлады. Атап айтқанда, мамандарға берілетін бірреттік көтерме жәрдемақыны, әр отбасы мүшесіне яғни адам басына 150 (АЕК) айлық есептік көрсеткішке (520 мың теңгеге) дейін арттыру керек», - деді депутат. Оның сөзіне қарағанда, ауылдар түгілі кейбір аудандардың өзінде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының критерийлеріне сәйкес келетін тұрғын үйлер жоқ. Сондықтан да жас мамандарға 5 млн теңгеге кредит бергенше, жаңа үйлер салып беру немесе баспана сатып алуға және салуға берілетін несие мөлшерін 3000 айлық есептік көрсеткішке (10 млн теңгеге) дейін ұлғайту қажет. «Бағдарлама аясында ауылдарға баратын мамандардың 70% жас отбасылар болғандықтан, міндетті еңбек өтілімін 3 жылдан 5 жыл немесе 7 жыл аралығына дейін ұзарту қажет», - деді Наурыз Сайлаубай. Бұдар бұрын хабарланғандай, 2009-2022 жылдар аралығында «Дипломмен ауылға» жобасы арқылы 45 мың маманға тұрғын үй сатып алу үшін кредит берілді.