Жаңалықтар

Депутат Жамбыл облысындағы экологиялық ахуалға алаңдаулы

Депутат Жамбыл облысындағы экологиялық ахуалға алаңдаулы

Сенаттың жалпы отырысында депутат Бекболат Орынбеков Үкіметке жолдаған сауалында Жамбыл облысындағы бірқатар проблемаларды тізіп шықты. Депутаттың айтуынша, мемлекеттік кепілдікпен халықаралық қаржы ұйымдарынан қаражатын тарту арқылы бірнеше қалада кәріздік тазарту имараттарын салу және реконструкциялау жобасы жоспарланған. Алайда, техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленген бірінші реттік қалалар тізіміне 400 мыңға жуық тұрғыны бар Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласы кірмей қалған. Қалалық кәріз желісіне сонымен бірге сарқынды суларды ағызатын тұрғын үй құрылыстары мен өнеркәсіп кәсіпорындарының қалдықтары қосылады. Ал бұл сүзу алаңдарына шамадан тыс қысым туғызып, гидравликалық ауыртпалыққа әкеліп соғады. Осының салдарынан жер асты сулары ластанып барады. Бұл Жамбыл ауданының жақын маңдағы Бірлесу-Еңбек, Қостобе, Өрнек, Ерназар, Тастөбе атты бес елді мекенінің тұрғындарын ауыз судан айырып, ауыл шаруашылығы алқаптарын батпаққа айналдырды, ал елді мекендерді су басатын болды. «Осының бәрін ескере келіп, аталған мәселенің Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне және экологиялық тұрғыдан маңыздылығын ескере отырып, оны тездетіп шешу үшін Тараз қаласын кәріз-тазарту ғимаратын салу жоспарының 1 кезеңіне қосуға қолдау көрсетуіңізді сұраймыз», - деді Бекболат Орынбеков.