Жаңалықтар

Достық керуені Қордайда

Достық керуені Қордайда

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен “Достық керуені» жобасы аясында Ақсақалдар кеңесі бас қосты. Дәлірек, ағымдағы жылдың 20 қыркүйегінде Қордай ауданы, Масанчи ауылында өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесінің «Ақсақалдар кеңесі – ел бірлігінің кепілі» көшпелі отырысы өтті. Отырыстың модератоы болып Жамбыл облысы ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы - Сейілханов Әбдібек Сейілханұлы жүргізіп отырды. Шараның қатысушылары - Жамбыл облысы ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы мен мүшелері, этномәдени бірлестіктері, Қордай аудандық Ақсақалдар кеңесі және ауыл тұрғындары. Отырыс барысында Ә.Сейілханов – Қордай аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы жұрт алдында жергілікті кеңестің атқарған жұмысы бойынша өзінің есеп-баяндамасын жасады. Сонымен бірге, алқалы топта сөз сөйлегендер қатарында облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің көрнекті тұлғалары да өз ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, Зайнутдинов Абдурахман Юлдашевич - өңірлік Ақсақалдар кеңесінің төрағасының орынбасары, Зуфаров Ибрахим Хуршудович - Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Сулейманов Абдукарим Исаевич - «Қазақстан Республикасы күрдтерінің «Барбанг» қауымдастығы» аймақтық қоғамдық бірлестігінің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы. Баяндамаларда және кеңес мүшелерінің сөз сөйлеуінде аталмыш кеңестің өз ортасында беделді, көпшілікке айтары бар, өмірлік тәжірибесі мол, ақсақалдары этнос өкілдері тығыз орналасқан аймақтарда этносаралық қатынасты нығайту жолында, кеңес жұмысын жандандыру мақсатында ел ішінде жастарға ақыл-кеңес беріліп тұратынын сөз етті. Жиын соңы ауыл тұрғындары, жастармен мемлекетіміздің ұлттық құндылықтарына құрметпен қарау, мемлекеттік тілді игеру, этносаралық кикілжіңді болдырмау сынды маңызды мәселелер аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді көбейту керектігімен қорытындыланды. Ағымдағы жылдың 20-қыркүйегінде Жамбыл облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының “Қоғамдық келісім” КММ ұйымдастыруымен «Достық керуені» жобасы аясында өңірлік ҚХА Аналар кеңесі Қордай ауданы, Масанчи ауылының Мәдениет үйінде жергілікті Аналар кеңесімен еркін форматта кездесу өткізді. Мақсаты - қоғамда орын алған синтетикалық есірткі, бала-бақшаға қабылдау проблемалары, сәбилер арасындағы диагнозды анықтау, ата-аналардың бала диагнозын жасыруы, отбасындағы зорлық-зомбылық, ҚР әскерінде қызметтегі сарбаздардың лудоманияға қатысы, медиатор, психолог мамандардың, ата-аналармен және жас аналармен жұмысы, этносаралық қатынас, радикалдық ағымдар, дәстүрдің жоғалуы сияқты түйткілді мәселелер кеңінен талқыланды. Кездесуге ҚХА Аналар кеңесінің белсенді мүшелері, аудандық Аналар кеңесі, құқық қорғау органының қызметкері, “Қоғамдық келісім” КММ сарапшылары, ҚХА медиаиторлары, әлеуметтік консультанттар, психологтар және облыстық БАҚ мамандары қатысты. Отырысқа “Қоғамдық келісім” КММ-ң басшысы М.Жинақбаева модераторлық етті. Жиын барысында Қарасу, Ауқатты, Сортөбе, Масанчи, Қаракемер ауылдық округтері Аналар кеңесінің төрайымдары мен мүшелері өздерінің ой-пікірлерімен бөлісіп, құнды ұсыныстарын жиын талқысына салды. Сонымен бірге, сөз сөйлегендер қатарында Жамбыл облысы Полиция департаменті “ЖПҚБ әйелдерді зорлық -зомбылықтан қорғау” тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Диляфруз Кенжиханова “Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ“ тақырыбында сөз қозғап, жиналған кеңес мүшелеріне осы бағыттағы заңнамалық өзгерістерге түсініктеме беріп, зардап шегуші болған жағдайда сенім телефондарына хабарласу мүмкіндігін пайдалануға және жалпы еліміздегі әрбір ананың құқықты сауатты болуы жөнінде нақты ұсыныстарынан хабардар етті. Сондай-ақ, білім саласын қызметкерлеріне ақыл-есі кем, жарымжан балалардың құқығының медициналық-сараптамалық қорытынды анықтамасына қарай басқа орында оқитыны және анықтамасы жоқ жағдайда ата-анасымен шешім қабылданып, тең дәрежеде сыныпта сау балалармен білім алатындығы сөз болып, айшықты түрде түсіндірілді. "Достық керуені" жобасын іске асыруға Жамбыл облысының “Ассамблея жастары” РҚБ өкілдері де белсенді атсалысуда. Атаулы жобаның мақсат-міндеттерінің бірі — коммуникацияларды қалыптастыру және ҚХА этномәдени бірлестіктері мүшелерінің халықпен кездесулерін өткізу, диалог алаңдарының жұмысына белсенді қатысу екенін еске сала кетейік. Жобаны жүзеге асыруды Қордай ауданында жалғастыру барысында 2023 жылдың 20 қыркүйегінде аталған ауданның Ауқатты, Қарасай ауылдық округтеріндегі А.Пушкин атындағы және Ә.Бөкейханов атындағы мектептердің жоғарғы сынып оқушыларымен Хамида Тұрдыева бастаған “Ассамблея жастары” РҚБ еркін кездесу форматында #PROANK іс-шараларын өткізді. Қала мен дала жастарының орайлы кездесуі арайлы кездесуге ұласып, жастар ортақ бір тілде алуан түрлі өмірлік жағдайларда, мәселен тілдік-нәсілдік кемсітушілік, не болмаса тұрып жатқан Отан, туған жеріңнің құндылықтарын өзге этнос өкілі бола тұра келеке, келемеж ету неге әкеліп соқтырады, осы тәріздес жастар арасында алауыздық тудыратын келеңсіз жағдайларды көзің көрсе не амал қолданасың? Мұндай жағымсыз жағдайлардың құрбаны, не себепшісі болмау үшін, мәселенің алдын алу шаралары қалай ұйымдастырылады? Осындай міне салмақты, жауапты тақырыптар төңірегінде жастар өздеріне ұғынықты жеңіл, еркін, ортақ тілде құнды пікірлерімен алмасты.