Жаңалықтар

Елдегі нашақорлар саны ресми статистикадан 5 есе көп – министр

Елдегі нашақорлар саны ресми статистикадан 5 есе көп – министр

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Үкімет отырысында елдегі нашақорлардың ресми статистикадағы саны нақты жағдайда алшақ екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Бүгінде нашақорлардың нақты және сенімді есебі жоқ. Сарапшылардың пікірінше, олардың нақты саны ресми деректерден кемінде 5 есе көп. Сондықтан, толыққанды есепті қалыптастыру үшін мәліметтерді әртүрлі дерекөздерден алу қажет», - деді министр. Ведомство басшысы Денсаулық сақтау министрлігінің азаматтардың бірнеше санатына есірткіге қарсы скринингті міндеттеу туралы ұсынысын қолдайтынын айтты. «Сараптама есірткі тұтынушыларды бірінші сатыда анықтаса, ондай адамдардың 95 пайызын қалыпты өмірге оралтуға болатынын көрсетіп отыр. Үшінші сатыда анықталғандардың 15 пайызы ғана (оңалады-ред.). Есірткінің түрі көп. Тіпті мектепте де тарап жатыр, оны біз жасырып отырған жоқпыз. Бүгінде нақты есебі жоқ. Мен биоматериал скринингін өткізуді ұсынып отырмын. Негізі бұл Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы. Біз оны қолдадық. Енді жоғары оқу орнына түскенде, мемлекеттік және әскери қызметке орналасқанда, жұмысқа тұрғанда скринигтен өту керек болады. Қоғам мен балаларымыздың қауіпсіздігі маңызды екенін түсінуіміз керек. Биоматериалдардан есірткі анықталса, әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Ондай мәлімет олардың ата-анасына жіберіледі», - деді Марат Ахметжанов.