Елдің күштілігі – халықтың бірлігінде

Таразда өзбек халқының мәдениеті таныстырылды
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Елдің күштілігі – халықтың бірлігінде» атты мәдени іс-шара өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл кеш бауырлас халықтардың мәдени алмасуын дәріптеп, көпұлтты Қазақстан халқының татулығы мен достығын нығайтуға бағытталды.
Іс-шара барысында көрермендер өзбек халқының бай мәдениетімен, дәстүрлері және ұлттық мерекелерімен танысты. Өзбек халқында да Наурыз мейрамы – «Навруз байрами» ерекше маңызға ие. Бұл күні таң атқаннан бастап керней мен сырнай, дойра мен ногор аспаптарының үні естіліп, халықты мерекелік көңіл күйге бөлейді. Көпшілік бір-біріне қонаққа барып, қарт көршілер мен туыстардың хал-жағдайын сұрап, ағаш отырғызу, сыйлық жасау сияқты игі дәстүрлерді орындайды. Осы игі дәстүрлерді кітапхана қонақтары да оқырмандарға таныстырып, өз әсерлерімен бөлісті.
Кеш барысында қазақ және өзбек халықтарының достығы, мәдени байланыстары жөнінде сөз қозғалып, халықтар арасындағы бауырмалдық пен татулықтың маңыздылығы атап өтілді. Ұйымдастырушылар мұндай шаралардың ұлтаралық келісім мен сыйластықты нығайтудағы рөлі ерекше екенін тілге тиек етті.
Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар қатарында «Тараз қалалық өзбек орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Зайнутдинов Абдурахман Юлдашевич және №4 мектептің мұғалімі Джолдашева Дильфуза Болтыхановна болды. Сонымен қатар, кешке «Шабыт» өнер академиясының бишілері, Жамбыл жоғары медициналық колледжінің студенттері мен №4 орта мектеп оқушылары қатысып, мерекелік бағдарламаны жандандыра түсті.