Электр, су, жылу тарифтері 3-4 мың теңгеге ұлғаяды – министр
Электр, су, жылу тарифтері 3-4 мың теңгеге ұлғаяды – министр
ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасын іске асыру туралы баяндады, деп хабарлайды Жамбылинфо ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. Министрдің айтуынша, бүкіл инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейі қызыл аймақ; сары аймақ; жасыл аймақ болып үш тәуекелдік топқа бөлінген. Осылайша, жылумен жабдықтауда желілердің тозу деңгейі жоғары қызыл аймақтағы кәсіпорындар үшін инвестицияларды тарту басым тәртіппен жүргізіледі. Жылумен жабдықтау саласында 27 кәсіпорын бойынша тозу деңгейі 65%-тен асады, оның ішінде 24 кәсіпорын үшін инвестициялық бағдарламалар бекітілді. Аталған салаға биыл 112 млрд теңге инвестициялау жоспарда бар.
Электрмен жабдықтау саласында 19 кәсіпорын бойынша тозу деңгейі 70%-тен асады, оның ішінде 16 кәсіпорын үшін инвестициялық бағдарламалар бекітілді. Аталған салаға биыл 92 млрд теңге инвестициялау жоспарда бар, күтілетін нәтиже ретінде желілердің тозуы 64%-тен 62%-ке дейін төмендейді. Орташа квитанция 660 теңгеге немесе 20%-ке ұлғаяды. Сумен жабдықтау саласында 15 кәсіпорын бойынша тозу деңгейі 70%-тен асады, оның ішінде инвестициялық бағдарламалар 13 кәсіпорын үшін бекітілген. Аталған салаға осы жылы 29,5 млрд теңге инвестицияланады. Биыл күтілетін нәтиже ретінде желілердің тозуы 63%-тен 58%-ке дейін төмендеп, 2024 жылы қызыл аймақтан 8 кәсіпорын шығады деп жоспарлануда. Орташа пәтер квитанциясы 200 теңгеге немесе 25%-ке ұлғаяды. Су бұру саласында 26 кәсіпорын бойынша тозу деңгейі 70%-тен асады, оның ішінде 23 кәсіпорын үшін инвестициялық бағдарламалар бекітілді. Бұл салада 2023 жылы 15,3 млрд теңге инвестицияланады.
Бұл ретте тарифтердің өсуі аз қамтылған отбасылардың табысына әсер етпейді. Жергілікті бюджет есебінен аз қамтылған отбасыларға коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін тұрғын үй көмегі берілуде. Ол коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыстар отбасының ай сайынғы орташа жиынтық табысының 10%-нен асып кеткен жағдайда төленеді.