Жаңалықтар

Елімізде су тасқыны қаупін азайту бойынша алдын алу жұмыстары жалғасуда

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Еліміздің бірнеше облысында су тасқыны қаупін азайту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алдын алу шаралары жүргізілуде, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Елордада Төтенше жағдайлар департаментінің бастығының орынбасары Өміржан Тұқышев су тасқыны қаупі бар аумақтарды аралап, арық-науа жүйелері, су бұру арналары, өзен арналарының жағдайын тексерді. Су басу қаупі жоғары төменгі аудандарға ерекше көңіл бөлінді.

Шығыс Қазақстан облысында тасқын және еріген қар суы қаупі бар 71 елді мекен анықталған. 2025 жылы өңірде 28 инженерлік іс-шара жүргізілді: 900 метр қорғаныш бөгеттері жөнделіп, жалпы ұзындығы 13 072 метр су бұру арналары тазартылды, көпірлер мен жолдарды жөндеу жұмыстары атқарылды, бір гидротехникалық нысан жаңартылды. «Ситуациялық орталық» ақпараттық жүйесі іске қосылып, 49 гидробекет бойынша 7 тәулікке болжам жасауға мүмкіндік беретін құралдар мен жасанды интеллект моделі пайдаланылуда.

Батыс Қазақстан облысында облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен ТЖД бастығының орынбасары Елдос Батталов Тасқала ауданында су тасқынының алдын алу жұмыстарын тексерді. Еріген қар суын Деркөл өзеніне және Бірлік ауылындағы су бұру арналарына бағыттау, арналарды тазалау және нығайту, өзеннің айналма учаскелерін тереңдету мен кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 200 метр ұзындығы, 2,5 метр биіктігі бар қорғаныш бөгеті салынды.

Қызылорда облысында қорғаныш бөгеттері нығайтып, Ақлақ гидроторабына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Барлық сегіз нысанда жалпы ұзындығы 49,4 шақырым қорғаныш бөгеттері жаңартылды.

Солтүстік Қазақстан облысында Қызылжар ауданында Қарабек көлінен Бескөл ауылының ескі арнасына 880 метр су құбыры тартылып, су айдау үшін электр сорғысы орнатылған жеке ғимарат салынды. Бұл шаралар су деңгейін бақылауға және тұрғын үйлерді су басу қаупінен қорғауға мүмкіндік береді.

Барлық атқарылып жатқан жұмыстар су тасқыны қаупін азайтуға, халық пен инфрақұрылымды қорғауға, төтенше жағдайлардың алдын алуға және уәкілетті органдардың дайындық деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған.