Эльвира Әзімова: жаңа Конституция Қазақстандағы әділдік, тұрақтылық және қоғамдық сенімнің берік іргетасына айналады
- авторСадуақас Айсұлу
- Бүгін, 17:56
- 29
Комиссия мүшелері мен азаматтардың пікірлерін ескере отырып, ол Ата Заңды республикалық референдумға шығаруды ұсынды. Бұл жөнінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түпкілікті шешім қабылдайды.
Сөз басында Эльвира Әзімова азаматтық және заң қауымдастықтарының өкілдері, ғалымдар, құқықтанушылар, лингвистер, қоғамдық ұйымдардың мүшелеріне және Ата Заңның тағдырына бей-жай қарамай, өз ұсыныстарын білдірген мыңдаған азаматқа алғыс білдірді.
«Біз әрбір уәжді жан-жақты саралап, халықаралық тәжірибе мен ұлттық мүддені өзара сабақтастыра отырып, салмақты шешімдер қабылдауға ұмтылдық», – деді ол.
Конституциялық комиссияның миссиясы басынан бастап айқын болғанын, ол – азаматтардың көпшілігінің еркін көрсететін, құқықтар мен міндеттердің тепе-теңдігін қамтамасыз ететін, мемлекеттілікті нығайтып, адам құқықтарының кепілдіктерін қорғауға бағытталған үйлесімді, салмақты Ата Заң моделін әзірлеу екенін атап өтті Эльвира Әзімова.
«Сіздермен бірнеше отырыс барысында талқыланған мәтін түбегейлі жетілдіріліп, түскен ұсыныстар ескерілді. Азаматтар, заңгерлік және азаматтық қауымдастықтар, сараптамалық алаңдардан түскен бастамалардың басым бөлігі жан-жақты талданды. Көптеген баптар тікелей жобада көрініс тапса, басқалары мәтіндік нұсқада және концептуалдық шешімдерге әсер етті», – деді комиссия төрайымы.
Мысалы, ҚР жаңа Конституциясының жобасына адвокаттың мәртебесі, меншік құқығының кепілдіктері, мемлекет келтірген зиянды өтеу құқығы, экологиялық қауіпсіздік, азаматтық мәселелері туралы нормалар және т.б. енгізілді.
Қазақша мәтіннің сапасына ерекше назар аударылды – терминология жаңартылды және қазіргі заманға бейімделді. Сонымен қатар өтпелі ережелер туралы ұсыныстар ескерілді.
Эльвира Әзімованың айтуынша, Еуразия кеңістіъгінде алғаш рет мұндай жұмыс толық ашық режімде жүргізілді.
«Барлық отырыстар онлайн режімде трансляцияланды. Мұны қоғамды Конституциялық үдеріске тартудың жаңа моделі деп қабылдауға болады», - деп атап өтті ол.
Комиссия төрайымы Конституция нормативтік құқықтық актілердің бүкіл жүйесі үшін бағыт беретін бағдар екенін еске салды: ол бағыт-бағдарды анықтайды, базалық қағидаттарды, адам мен азаматтың басты құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттілік және ұлттық мүдделердің негіздерін бекітеді.
«Конституцияны шамадан тыс жүктеуге келмейді. Қалған мәселелерді Парламент пен мемлекеттік органдар қабылдайтын заңдар мен құқықтық актілер арқылы реттеу көзделген. Көптеген идеялар алдағы заң шығару жұмысының негізіне айналып, конституциялық баптарды нығайтып, әрі қарай дамытуға ықпал етеді», - деп атап өтті Эльвира Әзімова.
Оның айтуынша, Комиссия мүшелерінің басым көпшілігі жаңа Конституцияның жобасын республикалық референдумға шығаруды қолдады.
«Осыған байланысты, комиссия мүшелерінің және азаматтардың көпшілігінің пікірін ескере отырып, Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның пысықталған жобасын республикалық референдумға шығаруды ұсыну қажет деп санаймын», - деді Комиссия төрайымы.
Эльвира Әзімова республикалық референдумды өткізу әрбір азаматқа өзінің конституциялық құқығын іске асырып, Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы бойынша пікір білдіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Мемлекет басшысы референдум өткізу туралы шешім қабылдаған жағдайда, Конституциялық комиссияның миссиясы өз мәресіне жеткен боп саналады. Жаңа Ата Заң әділеттілік, тұрақтылық және қоғамдық сенімнің берік негізіне айналуы тиіс. Ол мемлекеттілікті нығайтып, әрбір адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғай отырып, еліміздің дамуының сенімді бағытын айқындайды», – деп қорытындылады Конституциялық комиссияның төрайымы.





