Жаңалықтар

Енді Отбасы банкте кредит алу барысында барлық санаттар үшін кіріске шектеу қойылмайды

Енді Отбасы банкте кредит алу барысында барлық санаттар үшін кіріске шектеу қойылмайды

2023 жылдың 15 тамызынан бастап, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында, жергілікті атқарушы органдарда баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін әлеуметтік тұрғын үйлерді бөлу жаңа әдіспен жүзеге асырылады. Бұл туралы банктің Жамбыл облыстық филиалының директоры Нұрлан Сұлтанов  Жамбыл өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында берген брифингінде айтты.

Тағы бір жаңашылдық, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша, кредит алу барысында барлық санаттар үшін кіріске шектеу қойылмайды. Бұған дейін мемлекеттік бағдарламалар бойынша отбасының әрбір мүшесінің соңғы алты айдағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1-ден (2%-дық мөлшерлеме бойынша несие алу үшін) және 3,7-ден (5%-дық мөлшерлеме бойынша несие үшін) аспауы керек деген талап бар болатын.  Ол тиісінше 125 757 және 150 098 теңгені құрайтын. Мәселен, бұл сома белгіленген нормадан кем дегенде 100 теңгеге асып кетсе, отбасы қолжетімді заемнан қағылып, баспана мәселесін шеше алмайтын. Сондай-ақ, Тұжырымдамаға сәйкес қатысушылар кредиттің ең жоғарғы сомасы бойынша шектелмейтін болады. Бұрын аймаққа байланысты ол 10 миллионнан 18 миллион теңгеге дейін болатын. Енді кредит сомасы пәтер құнына негізделіп, тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің бағасынан қалыптасады. Әлеуметтік тұрғын үй 3-4 жайлылық классына сәйкес келіп, пәтердің максималды ауданы 80 шаршы метрден аспайтын болады.

Бұған дейін «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының алдыңғы нұсқасы) жүзеге асырылған төрт жыл ішінде 16 мыңнан астам қазақстандық отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша, өз аймағында лайықты баспананың жоқтығынан, былтырғы жылдан бері жеңілдетілген заем ала алмай жүрген «Бақытты отбасы» бағыты қатысушыларының өтініштері 2023 жылдың 15 тамызында жойылатын болады. Бұл ережеге «Толық емес отбасы» санатына жататын, сондай-ақ белгілі бір нысанға өтініш беріп, қазір заем алу барысында тұрған азаматтар ғана бағынбайды. Өтінімдері жойылған азаматтар Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына қатысу мүмкіндігін алады. Жергілікті атқарушы органдарда баспана алу кезегінде тұрған азаматтардың барлық қалған санаттары жылдық 5% мөлшерлемесімен (ЖТСМ 5,2%-дан бастап) қолжетімді заем алуға өтініш бере алады.