Энергия өндіруші компания тарифті өсіруге не себеп болғанын түсіндірді
Энергия өндіруші компания тарифті өсіруге не себеп болғанын түсіндірді
Солтүстік Қазақстан облысын электр қуатымен қамтып отырған монополист компания - «СевКазЭнерго» АҚ электр энергиясы тарифін өсіруге не себеп болғанын түсіндірді. «СевКазЭнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2008 жылы уәкілетті мемлекеттік органмен инвестициялық келісім жасала отырып, электр энергиясының шекті тарифі бойынша заң жобасы әзірленді. 2009 жылдың 1 мамырынан бастап Қазақстандағы электр стансалары «тарифтің орнына инвестициялар» қағидаты бойынша жұмыс істеп, тарифтер жыл сайын ең кемінде инфляция деңгейінде түзетіліп отырды. Бұл шешім сол сәтте саланың «күйреуіне» жол бермейтін жалғыз және мәжбүрлі шара болды. Нәтижесінде осы аралықта энергетикалық компаниялар салаға 1 трлн теңге инвестиция тартып, қуатын қосымша 3 мың МВт-қа арттырды. Шекті тарифті қолдану электр энергиясы көлемін арттыруға сеп болып, қондырғыларды жаңалауға, энергия ресурсқа жұмсалатын шығынды азайтуға, экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді. Қаржы институттары да қызығушылық танытып, қолдау көрсетті. Шекті тарифтер Энергетика министрлігімен инвестициялық міндеттемелерге келісімшарт жасаспай және тарифті 2015 жылдың деңгейінде қалдыру арқылы 2016-2018 жылдарға дейін ұзартылды. Алайда тариф жылдан жылға қымбаттай берді. Тарифтердің өсуін осылайша жасанды тежеудің салдарынан энергетикалық компаниялар шығынға батты. 2020 жылы көмірдің құны 10%-ға қымбаттады, мазут пен жанармай бағасы өсіп, теміржол тарифтері де артты. 2019 жылы тарифтер энергия өндіруші компаниялардың тарифіндегі кіріс нормасын алып тастау арқылы төмендетілді. Стансаларда 2020 жылдың шілдесіне дейін табыстылық нормасы болған жоқ. Осыған байланысты жөндеу жұмыстарына, жаңғыртуға, қайта қалпына келтіруге инвестиция көлемі кеміді. Салдарынан еліміздің бірқатар өңірлерінде 2020-2021 жылғы қысқы жылыту маусымында апаттар көбейді, кеңестік дәуірден қалған стансалардың тозығы жетті. Ресми статистика бойынша, жылу стансаларындағы қондырғылардың 55%-ының қолданыста жүргеніне 30 жылдан асқан, яғни 10 жылдан кейін олар істен шыға бастайды. Энергетика саласына үлкен көлемде металл өнімдері қажет. Темір - жөндеу жүргізуге, жаңалауға және негізгі, қосалқы қондырғыларды қалпына келтіруге пайдаланылады. 2020 жылы металпрокат құны 3 рет өскен, бұл материалдың 10%-ға қымбаттауына әкелді. Осы мәселелерді саралай келе, энергия өндіруші компаниялар шекті тарифті өсіруге өтінім берді. Тариф 2021 жылдың 1 сәуірінен өзгермек. Орта есеппен тариф 20%-ға өспек. Ал тұтынушы үшін тариф 6-7 % шамасында қымбаттайды. Мамандардың айтуынша, тарифті өсіру қордаланған көптеген мәселені шешуге көмектеспек. Өндіруші қуатты тиісті дайындықта ұстамаған жағдайда электр қуатына тапшылық туып, оны көрші Ресейден кВт-сағатын 25 теңгеге сатып алуға тура келеді.