сенбі, 26 шілде, 2025 0:36

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ер есімі – ел жадында: Жамбылдықтар Байзақтағы жарылыста қаза тапқан батырды еске алды

Ер есімі – ел жадында: Жамбылдықтар Байзақтағы жарылыста қаза тапқан батырды еске алды
Facebook
Бүгін Байзақ ауданында ел жадында мәңгілік сақталатын ерлік иесі, №28349 әскери бөліміндегі жарылыс кезінде өрт сөндіру бөлімінің командирі қызметін атқарып жүріп, ерлікпен қаза тапқан кіші сержант Бауыржан Талғатұлы Даутбаевты еске алуға арналған тағылымды шара өтті.

Шараны «Жер Ана» ауыл фермерлері корпоративтік қоры мен «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шараның шымылдығы әскери оркестрдің әсерлі марштарымен ашылып, ел рухын көтерген Мемлекеттік Әнұранмен жалғасты. Рәсім Байзақ ауданындағы «Алқа» мәжіліс залында жалғасып, қатысушылар бір минут үнсіздікпен батыр рухына тағзым етті. Жиынды «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев ашып, ел тыныштығы үшін жанын қиған азаматтардың ерлігі – ұрпақ жадында өшпестей орын алатынын атап өтті.

Жиын барысында Жамбыл облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев сөз сөйлеп, Бауыржанның ерлігі жас буынға үлгі, отансүйгіштік пен азаматтық борышты сезінудің жарқын көрінісі екенін айтты. Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков пен Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова да батырдың отбасына – оның анасымен жарына зор ілтипат білдіре отырып, «Батыр ұл тәрбиелеген отбасы – ұлтқа үлгі» деді.

Шараның ең әсерлі әрі жүректі тербеген сәті – Бауыржанның анасы Фатима Байғожақызының жүрекжарды сөзі болды. Перзентіне деген шексіз сағынышын тебірене жеткізген ана бейнесі залда отырған жұртты толқытты. Батырдың әкесі Талғат Нышанұлы да сөз алып, «Бауыржан – менің ғана емес, барша қазақтың баласы. Құрмет – біз үшін үлкен рухани демеу», – деп, шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтты. Осы тұста Талғат ағамызға шапан жабылып, Фатима ана мен Бауыржанның жары Дильназ Ағыбайқызына естелік сый-сияпаттар тарту етілді.

Жиында Бауыржанның қызметтес әріптестері мен ауылдастары да естелік айтып, оның кісілік келбетін, іскерлігін, төтенше жағдай кезінде көрсеткен нағыз батырлық бейнесін тебірене еске алды. Батырдың әр ісі, сөзі мен өнегесі – әріптестерінің жүрегінде сақталып қалған.

Іс-шараның қорытынды сөзін «Жер Ана» ауыл фермерлері қорының құрылтайшысы, қоғам қайраткері Мария Ибраимова сөйледі. Ол ерлік – уақытпен ұмытылмайтын, рухпен сақталатын асыл құндылық екенін атап өтіп, ел үшін ерен ерлік көрсеткен азаматтардың есімі ұрпақ санасында мәңгілікке жазылатынын жеткізді.

Бұл – тек еске алу ғана емес, елдік пен ерлікті ұлықтаған күн. Қасірет пен қайратты, сағыныш пен мақтаныш сезімдерін тоғыстырған тағылымды шара Бауыржан Даутбаевтай батыр ұлдың ерлігі мен есімін жаңғыртты.

Арайлы Жақсылық
Автор

Арайлы Жақсылық

Арайлы Жақсылық

Ұқсас жаңалықтар