Жаңалықтар

Ербол Қарашөкеев: Журналистер көтерген мәселені назарға алу керек

Ербол Қарашөкеев: Журналистер көтерген мәселені назарға алу керек

Бүгін облыс әкімдігінде кезекті апараттық кеңес өтті. Жиын басталмай тұрып, облыс әкімі басқарма басшыларына, аудан әкімдеріне, БАҚ өкілдерінің көтеріп жүрген мәселелерін назарға алып, шешу жолдарын қарастыруды тапсырды деп хабарлайды Жамбылинфо.

«Бізге кез-келген мәселені шешу үшін, алдымен оны анықтап алу – маңызды. Осы орайда Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің атқарар қызметі зор. Журналистер түрлі мәселелерді көтеріп жүр. Біз сол мәселелерге көңіл бөлу керекпіз. Мәселен, облыстық «Aq jol» газетінде 6 қаңтар күні жарық көрген журналист Есет Досалы бауырымыздың «Барымызды бағалап жүрміз бе?» мақаласында өңірдің спорт саласына қатысты өзекті ойлар айтылған. Сол секілді, облыстық «Знамя труда» газетінде журналист Юрий Ефимовтің «Осторожнее с предоплатой» атты мақаласында да «Теміржолсу-Шу» кәсіпорнына қатысты маңызды мәселелер айтылған. Шу аудандық «Шу өңірі» газетінде өткен жылғы желтоқсан айында «Балалардың бұзақылыққа баруына ата-аналар да жауапты» атты жақсы материал жазылған. Бұл тақырып бүгінгі күні өзекті болып отыр.» - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы аудандық газеттерде сын мақалалар өте сирек жазылатының да тілге тиек етті.

«Бұл дұрыс емес. «Ауруын жасырған – өледі» дейді. Журналистер мәселе көтеру керек. Бірақ шынайы, жан-жақты болуы тиіс.»- деді Ербол Қарашөкеев.

Сөз соңында өңір басшысы басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне газет оқып, тілшілер көтерген мәселелерді назарға алып, шешу жолдарын қарастыруы қажеттігін баса айтты.