Жаңалықтар

Ерекше балаларға қамқорлық

Ерекше балаларға қамқорлық

Балалардың денсаулығын нығайту - мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Мүгедектік проблемасының және оңалту көмегінің өзектілігі, әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру оның ауқымдылығына байланысты. Соңғы онжылдықта ел бойынша мүгедектігі бар балалардың тіркелген саны өсті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша елде 100 мыңнан астам мүгедек бала тіркелген. Қазіргі уақытта "Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау "Дені сау ұлт” ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға қарай балаларды оңалтумен қамтуды 60% - ға дейін ұлғайту көзделген. 2020 жылдан бастап Тұңғыш Президент қорының "Қамқорлық" бастамасы іске асырылуда. 2020 жылы 7 оңалту орталығы және 1 ерте араласу орталығы ашылды. 2021 жылы 8 оңалту орталығы және 2 ерте араласу орталығы ашылған. 2022-2023 жылдары 13 ерте араласу орталығын ашу жоспарланған. Ол сондай-ақ БҰҰ-мен (ЮНИСЕФ) бірлесіп Қазақстан Республикасында "Балалар мен жасөспірімдердің жас ерекшеліктерін ескере отырып, жұмыс істеудің, мүгедектіктің және денсаулықтың халықаралық жіктемесін енгізу" жобасы белсенді түрде іске асырылып жатқанын атап өтті, ол денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау саласындағы мамандардың әлеуетін арттыру жолымен пациентті диагностикалау, емдеу және оңалтудың табыстылығын айқындайды. Еліміздің «Бала құқықтары туралы» Заңында барлық баланың құқықтары бірдей екені атап көрсетілген. Демек, кез келген баланың тегіне, дініне, тіліне, тұрмыстық жағдайына қарамастан құқықтарының тең болуы олардың заңмен қорғалғанын айғақтайды. Ендеше ұлт ұрпағының денсаулығы, білімі, өмірі, тұлға болып қалыптасуы мемлекет үшін аса маңызды шаруа. Балалардың жалпыға бірдей біліммен, медициналық қызметпен қамтылуы – мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау. Дегенмен денсаулығы қалыпты жағдайдағы балаларға қарағанда ой-өрісінде, ақыл-есінде, дене қимылында ақауы бар балалар айрықша қамқорлыққа алынған. Өйткені олар ерекше қолдауды қажет етеді. Мұндай балалар қазіргі заманда мүмкіндігінше арнайы оңалту орталығы секілді түрлі мекемелердің қызметі мен тәрбиесін көріп, берген білімін бойына сіңіреді. Мұндай орталықтардың ақыл-есі толық дамымаған немесе тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға берер көмегі мол. Осындай орталықтың бірі – облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығының Жамбыл ауданындағы филиалы. Аса ауылынан орын тепкен аталған филиалдың директоры Жанна Баубекованың айтуынша, бұл мекеме 2014 жылы ашылыпты. Қазіргі таңда мұнда 1,5 жастан бастап 18 жас аралығындағы ақыл-ой кемістігі бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған 25 бала қызмет алуда. – Орталық негізінде тек Жамбыл ауданында тұратын балаларды ғана қабылдайды. Мұнда мамандар таңертеңгі сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін демалыс және мерекелік күндерді қоспағанда, аптасына 5 күн екі ауысыммен жұмыс істейді. Жүйке-неврологиялық ауытқуы бар және қимыл-тірек аппараты бұзылған балаларға әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық бағыт бойынша арнаулы қызмет түрлері ұсынылады. 1,5-3 жасқа дейінгі бүлдіршіндер күндіз 2 сағатқа ата-аналарымен бірге қабылданады. Бірінші ауысым бойынша 4-7 жас аралығындағы кіші топ таңертеңгі сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін, ал екінші ауысым бойынша 7-18 жас аралығындағы үлкен топ түскі сағат 13:00-ден кешкі 18:00-ге дейін орталықтың қызметіне жүгінеді. Қызмет алушыларды оқыту ұзақтығы олардың дағды деңгейіне, танымдық қызметі мен жас ерекшеліктеріне қарай құрылады. Егер қызмет алушылардың әлеуметтік дағдылары, әлеуметтенуі және танымдық қабілеті ең төмен деңгейде болса, онда сабақтың ұзақтығы 15 минутқа дейін барады. Ал төмен деңгейде болғанда – 20, қалыпты деңгейде болғанда – 30, деңгейі айтарлықтай төмендеген жағдайда сабақ 45 минутқа созылады. Академиялық сағаттың (45 минут) қалған уақытында қызмет алушыларға оқу жоспарының бағдарламасына және әр сабаққа әзірленген тақырыптық жоспарларға сәйкес дидактикалық және дамытушы ойындар өткізіледі. Орталыққа бала жаңадан келген кезде 10 күндік бақылауға алынады. 10 күн бойында баланың неге қабілеті бары, деңгейі, психологиялық жай-күйі анықталады. Сосын ата-анасының қатысуымен барлық мамандар өздерінің бақылау нәтижелерінің қорытындысын айтып, деңгейін бекітеді. Деңгейіне сай қызмет алушыға әр маман өз саласы бойынша жеке жұмыс жоспарын жасайды, – дейді Жанна Иманқұлқызы. Жалпы орталықта дефектолог, педагог-психолог, әлеуметтік педагог, массажист, денешынықтыру нұсқаушысы, медбике, дәрігер-невропатолог, дәрігер-психиатр, логопед, музыка, еңбек пәні мұғалімі, тәрбиешілер – өз ісінің нағыз мамандары. Соның бірі – тәрбиеші Салтанат Құдайбергенқызы жеке жұмыс барысында баланы өз-өзіне қызмет көрсету дағдыларына, яғни асхана дағдылары, оның ішінде кранды ашып-жабуды, қолын жууды, қасықты ұстау, киімін шешіп-кию, төсегін ұқыпты жинауға баулитындарын айтады. Сонымен бірге тәрбиешілер шығармашылық дағдыларын қалыптастыруды, мысалы, қаламды дұрыс ұстау, үзік сызықтарды бастыру, ермексазбен жұмыс істей білу сияқты түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып үйретеді. – Орталықта біз балалардың сөйлеуін, тіл кемістіктерін, оның бұзылу себептерін болдырмау жолдарын, сонымен бірге осындай кемістіктерді әртүрлі жолдармен түзетіп жоюдың тәсілдерімен жұмыс істейміз. Қызмет алушыға логопедиялық уқалау, артикуляциялық жаттығулар мен тыныс алу жаттығуларын жасаймын. Сөйлеу тілінің фонетика – фонематикалық, лексика-грамматикалық жақтарының жалпы дамуын қамтамасыз ету, дыбысты қою, автоматизациялау, диференциялау және оны еркін сөйлеуге үйретемін, – дейді логопед Гүлназ Мұсаева. Өзге де мамандармен тілдесу барысында психолог Арайлым Бекенова өз қызметінің негізгі бағыттары психологиялық алдын алу, диагностика, дамыту және түзету, кеңес беру секілді жұмыстармен байланысты екенін сөз етті. Ол өз сөзінде: «Жалпы балаларды жас ерекшеліктеріне қарай, оқу-танымдық, шығармашылық бағытта іс-әрекеттерге ынталандырып, психологиялық көмек көрсетемін. Оның ішінде әңгімелесудің, қарым-қатынас орнатуда мейірімділік, достық танытудың, оларды демеудің, белсенділікке ынталандырудың, қолайлы психологиялық климатпен қамтамасыз етудің, жайсыздық, бір-бірімен келіспеушілік орын алмас үшін отбасына да психологиялық көмек көрсетудің маңызы зор. Негізінде біздің орталықтағы әрбір маман баланың жағдайын бірлесіп талқылайды. Соның нәтижиесі бойынша түзету-дамыту жұмысының бағытын анықтап, осы арқылы жұмыс істейміз. Мәселен, баланың бейімділігін арттыру үшін сабақтарды заманауи талаптарға сай құрастырып, қазіргі білім берудің жаңаша технологиялық элементтерін қолдануға күш саламыз. Өйткені психологтың міндеті – психологиялық диогностика, психопрофилактика, консультация, психокоррекция және психотерапия ұсыну», деді. А.Бекенова қызмет алушылардың орталыққа бейімделуі, қарым-қатынас дағдылары және мінез-құлықтың қалыптасуы, танымдық үрдістерге, яғни қиялдау, ойлау, сөйлеу секілді әрекеттерге байланысты болатынын жеткізді. Осыған орай ол балалармен қарым-қатынас орнатуда психо-диагностика және түзету жұмыстарын жүргізеді екен. Қызмет алушымен жұмыс барысында «құм терапиясын», «ертегі терапиясын», түрлі қызықты ойындар түрін қолданады. Ата-аналармен тығыз байланыста болып, тиісті кеңестер беріп тұрады. – Орталықтағы қызмет алушылармен танымдық және сенсорлық қабілеттерін, қоршаған ортадағы заттардың, ойыншықтардың атауы, түсі, пішіні, көлемі жайлы түсініктерін әртүрлі ойын, тапсырмалар, жаттығулар қолдана отырып жетілдіремін. Әр қызмет алушының мүмкіншілігін ескере келе, ұсақ қол моторикасын дамытуға арналған ойын жаттығуларды – «Нейро» жаттығуларын пайдаланамын. Қызмет алушының танымдық қабілетін дамытуда әртүрлі әдістемелерді, мысалы «монтесори», «фребель», «тасбақа жапқышы», «құм терапиясы, «графамоторлы лабиринт» секілді тәсілдерді пайдаланамын, – дейді дефектолог Ақбота Сейдуалиева. Орталықтың ұсынған қызметіне жүгініп отырған балалардың кейбірінің ата-аналарымен де тілдесіп көрдік. Ата-ананың бірі – Талшын Құрманқұлова аталған оңалту орталығында қызмет алып жатқан Нұрасыл Еркіннің анасы. – Менің баламның диагнозы – ДЦП. Баламның осы орталыққа келіп жүргеніне 3 жылдан асты. Бар арманым – осы баламды аяққа тұрғызу. Сондықтан осындағы мамандардың, яғни мекемеде массаж алып, ЛФК, психолог, логопед, дефектолог мамандарының бақылауында болғанын, уақытылы медициналық және түрлі арнаулы әлеуметтік қызметтерді алғанын қаладым. Өйткені мұның баламның болашағына тікелей қатысы бар екенін іштей сездім. Қазіргі таңда балам өзі жүре алады және сөйлейтін болды. Бұл алдымен Алланың арқасында, содан кейін осында қызмет көрсетіп жатқан мамандардың еңбегінің жемісі деп айтар едім. Баламды осындай дәрежеге жеткізген Жаратқанға шүкіршілік білдіремін. Сонымен қатар осы орталықтағы барлық мамандарға, тәрбиешілері Салтанат Құдайбергенқызы мен Эльвира Өскенбаева апайларына үлкен алғысымды білдіремін. Балам апайларын қатты жақсы көреді. Мен ата-ана ретінде осы орталыққа шексіз ризамын. Мамандарға еңбектеріңіз жана берсін, жұмыстарыңызға творчестволық табыс тілеймін деп алғыс білдіремін. Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған осындай орталықтарға мемлекет тарапынан тұрақты қолдау көрсетіле берсін, – дейді Т.Құрманқұлова Мұндағы балалар үшін әркез серуен ұйымдастырылып, бүлдіршіндерге арналған театр туындыларын тамашалауға да мүмкіндік берілген. Тараз қаласында орналасқан кейбір ойын-сауық орталығы балалардың тегін әткеншекте ойнауына көмектесетін көрінеді. Сонымен қатар қайырымдылықпен айналысатын ұйымдар балаларды әртүрлі мерекелерде сыйлықтар үлестіру арқылы қуантып тұрады екен. Мұны біз қамкөңіл балаларға мемлекет қана емес, қоғам да қамқорлық көрсетуден танбайды деп ұғындық.

Нұрым Сырғабаев