Жаңалықтар

Еріктілердің еңбегі өлшеусіз

Еріктілердің еңбегі өлшеусіз

  Адамның күні адаммен. Бұл сөздер әрқашан да адам баласының бірлігін және ең басты қасиетін, яғни адамгершілігін жоғалтпауын ескертіп тұратындай. Биыл адам баласына COVID-19 жүзінде нағыз сынақ түсті. Бұл індет тек біздің экономикамыз бен қоғамдық өмірімізді ғана емес, шын мәнінде біздің адамгершілігімізді де сынады. Әркім өз халін ойлап қоймай, ортақ қоғам игілігі мен бір-біріне көмек көрсету - адамды адам қылатын қасиеттердің бірі. Осы қиын кезеңде адам баласының бұл ізгі қасиетінен айырылмағанын көрсетіп, адамзатқа деген сенімді, көптеген жүректерді қайта жаққан ерекше  жандар волонтерлар болды. Волонтерлардың еңбегінің арқасында қаншама отбасы өздерінің жалғыз емес екендігін, «бәріміз бірге» деген ұранды шын мәнінде сезінді. Волонтерлік ұйымдар мен оларға  мүше болған азаматтардың еңбегі өлшеусіз. Жүрегінде мейірім мен өзгелерге көмек қолын созуға дайындығы бар азаматтар - волонтерлар. Індет заманында, адамзат үйінен шықпауға тырысқан заманда, мұқтаж жандарға көмек көрсеткен нағыз батырлар да - волонтерлар. «2020 жыл ҚР Президентінің Жарлығымен «Волонтер жылы» - деп бекітілді. Биыл «Волонтерлар жылы» аясында 700 мың адамды қамтыған жүздеген қоғамдық шаралар өткізіліп, халықтың рухын көтеріп, ”Біз біргеміз” дегендер де осы волонтерлар болатын. Шын мәнінде, әрбір волонтер рахмет айтуға тұрарлық тұлға, себебі олар осы оңай емес заманда өзін қоя тұрып, көмекке зәру жандар үшін шыққан еді, ал бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Айта кетсек, биылғы дүниежүзіндегі пандемия кезінде онлайн медиа- волонтерлер саны ұлғайды. Олар түрлі әлеуметтік желілерде және сайттарда өз жұмыстарын атқарды. Волонтерлік – патриотизмнің бір көрінісі. Еріктілер, ең алдымен, елдің игілігіне қызмет етеді. Олардың жұмысы азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Волонтерлік дегеніміз – «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» әрекет ету. Ұлы Абайдың «Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген ұлағатты сөзі осындай игі істерге жетелейді. Волонтердің еңбегі ақысыз. Жыл өткен сайын еріктілерге ерекше көзқарас қалыптасуда. Ерікті болу – ерлікпен тең. Мәліметтерге сәйкес,  бүгінде әлем бойынша  1 млрд.қа жуық адам ерікті болып табылады. Ал Қазақстанда 16 мыңның төңірегінде екен. Президенттің пікірінше бұл өте аз. Сондықтан бұл көрсеткішті 100 мыңға дейін көтеруге болады. Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 2, 5 пайыз Еріктілер еңбегінің нәтижесі екен. Волонтер жасына, кәсібіне қарай бөлінбейді. Оның білімі, қызметі, лауазымы, деңгейі мен дәрежесі маңызды емес. Енді еріктілердің жұмысы еңбек өтілі болып есептеледі. P/S Қайырымдылық – адамның бала кезінен бойға сіңетін қасиет. Сондықтан, өскелең ұрпақты жастайынан жақсылық жасауға тәрбиелеу – өте маңызды міндет. 2020 жыл ерекше жыл болды. Бұл жылы әркім өзінің кәм екенін ұғып, қоғам мүшелері өз рөлдерін айқындады. Волонтерлер, яғни, еріктілер биылғы жылдың символы әрі адамзат мақтанышы атауына лайық екендігін дәлелдеді. Осындай бір керемет жандарға шын жүректен алғысымыз шексіз дегім келеді. Нұрдәулет Асан