Ерлан Саиров блогерлер мен онлайн-лотереяларға бақылауды күшейтуді ұсынды

Оның айтуынша, көптеген блогерлер сән-салтанатты өмір салтын көрсеткенімен, олардың кірістері мен салық міндеттемелері туралы нақты ақпарат жоқ. Сонымен қатар, заңсыз лотереялар мен күмәнді ұтыстар халық арасында кеңінен таралып, алдау әрекеттеріне жол ашуда.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Ерлан Саиров әлеуметтік желілердегі заңсыз ұтыс ойындары мен инфлюенсерлердің салық төлеу мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қазіргі таңда елде турпакеттер, автокөліктер, зергерлік бұйымдар және басқа да тауарлар сату деген желеумен ұйымдастырылатын онлайн-лотереялардың жүздеген фактілері анықталды. Өткен жылы осындай 106 заңбұзушылық тіркеліп, құқық бұзушыларға 46 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Депутаттың пікірінше, «жеңіл ақша» идеясының кең таралуы қоғамда бұрмаланған құндылықтарды қалыптастырып, адал еңбектің маңыздылығын төмендетеді.
Депутат мәселені шешу үшін блогерлер арасында заңнаманы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, инфлюенсерлердің кірісін кәсіпкерлік қызмет ретінде айқындаудың нақты тетіктерін әзірлеуді және онлайн-лотереялар мен ұтыс ойындарын қатаң бақылауға алуды ұсынды.
Ол қаржылық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру мен заң алдындағы теңдікті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, салық заңнамасын қатаң сақтауға шақырды.