дүйсенбі, 30 қыркүйек, 2024 22:22

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

ЕРТЕГІСІЗ ӨСКЕН ҰРПАҚ - МҮГЕДЕК БОЛЫП ӨСЕДІ

ЕРТЕГІСІЗ ӨСКЕН ҰРПАҚ - МҮГЕДЕК БОЛЫП ӨСЕДІ
ашық дереккөзі
ЕРТЕГІСІЗ ӨСКЕН ҰРПАҚ - МҮГЕДЕК БОЛЫП ӨСЕДІ
«Ертегісіз өскен ұрпақ-мүгедек болып өседі.» Бауыржан Момышұлы Қазақ халқы қашаннан бала тәрбиесіне аса қатты мән беріп, оларға тек жақсылықты үйретіп, жақсы сөздерді есітіп өсуін қамтамасыз еткен. Сәби дүние есігін ашқан сәтінен бастап, оған бесік жырын айту арқылы тілінің тез шығуына әсер ете алған. Баланың қиялын ұштау үшін оған ертегілер айтып отырған. Ертегі арқылы жақсы мен жаманның, оң мен солдың аражігін ажыратуға ықпал еткен. Ертегі естіген бала ертегідегі кейіпкерлердің әрекетіне, болмысына, ерекшеліктері мен батырлықтарына сүйсіне отырып, қиялдарына ерік берген. Алайда, қазіргі қоғамда ертегі естіген бала мен ертегі айтатын әжені байқау қиынға соғып барады. Оттан да, оқтан да қарсы келген қаһарлы жаудан да сескенбеген Бауыржан Момышұлы өзінің «Ұшқан ұя» повесінде: «Ертегісіз өскен ұрпақ-рухани мүгедек ұрпақ. Біздің қазіргі балаларға әжелері не шешелері ертегі айтып бермейді. Мен содан қорқамын.»,-деп халық болашағы үшін толғана жазады.. Қазақ ертегілерінің бізге берері: 1.Қиялды ұштайды; 2. Ержүректікке, батырлыққа шақырады; 3. Ата-ананы сыйлауды үйретеді; 4. Отансүйгіштік қасиетті оятады; 5.Еркін ойлауға шақырады; 6.Ұлт болмысын нақтылайды; 7.Дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге қызмет етеді. Ертегі мазмұнымен таныс болмағандық па әлде ертегі айту білмегендіктен бе, қазіргі ата-аналар уақытының жоқ екенін алға тартып, баласымен көп уақыт өткізе бермейді. Көбіне, балаларын теледидар жанына отырғызып қойып, әртүрлі мультхикаяларды қосып беріп қояды. Ал сол ертегі жанрында түсірілген мультхикаялардың қаншалықты пайдасы не зияны бар екендігіне көпшілік ата-аналар қауымы, өкінішке орай, мән бермейді. Бала психикасына кері әсерін тигізетін, қазақ ертегілері жанрымен түсірілген, алайда, қазақ халқының болмысына тән емес дүниелерді сипаттайтын мультхикаялар қазіргі таңда көп. Соның бірі,«Azia Animation» ұсынған, Краус Артур мен Краус Игорьдің жобасы бойынша түсірілген «Ер Төстік» мультхикаясы. Ондағы ұлтымыз болмысына сәйкес келмейтін бірнеше кешірілмейтін қателікті ұсынуды жөн көрдік. 1.Мультхикаяның басталуы. Ерназар атты байдың 6 ұлы болуы. Шығармада 9 ұлы болады. Мұндағы қарама-қайшылық тайға таңба басқандай-ақ, көрініп тұр деп ойлаймын. Екі сан бір-біріне қарама қарсы. Әдебиетте мұндай құбылысты «делема» деп атайды... 2. Ерназар байдың ұлдарының үйленуге асығуы және әкесінің қарсы болуы. Қазақ халқы «Бас екеу болмай мал төртеу болмас»,«Он үште отау иесі» деген ұстаныммен жүретін халық. Яғни, ата бабамыз ұлын ұяға, қызын қияға қондыру қамын ертерек жасайтын болған. Ал, мультхикаяда Ерназар байдың балаларын үйлендіргісі келмегені, оны өзімшіл, сараң әке бейнесінде көрсеткен. 3. Мыстан кемпірдің болмысы. Қазақ ертегілерінде сипатталатын кейіпкерлерден мүлдем бөлек әрі қорқынышты. Сонымен қатар, оның «ұшатын тәрелке» сынды құрылғыда жүруі, ертегінің құрылысына жат әрі жиырма бірінші ғасырда болғандай әсер сыйлайды. Қазақ ертегілерінде,«ұшатын кілемнің» болғаны рас, десек те мультхикаядағы «мыстан көлігі» ақылға қонымсыз. 4. Ерназар байдың аңға шығуы. Бай аңға шыққанда қабанды ауламақ болады. Бірақ, қазақ халқы қабан етін(шошқа, доңыз етін) харам деп танып, оны мүлдем жемеген. 5. Байдың бала тауып алуы әрі оны жемек болғаны. Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Ал, жобада адам баласын жемек болғаны әрі балаға «төстік» деген есім берсе, оны жеуге болады деп айтуы үлкен санасыздық деп ойлаймын. Себебі, қазақ аштан өлсе де адам етін жемеген! 6. Ер Төстіктің алты ағасының бір топ бойжеткенмен көңіл көтеруі. Қазақ қыздарын жеңіл жүрісті етіп көрсетеді. Әрі Ерназардың алты ұлы ата-анасын ұмытып, көңіл көтеріп жүруі, олардың ата анасына деген құрметсіздігін көрсетеді. Яғни, жоба балаларды ата анасын сыйламауға шақырып тұрғаны ма? 7. Кенжекей және оның алты әпкесі. Қазақ қыздарының бойына тән бір қасиетті көрсетпейді.Киінген киімдері мен жүріс тұрыстары, тіпті шаш үлгісіне дейін азиялық стильде.. 8. Мыстанның Ерназар байдың басын жұлып алуы әрі оны қайта орнына қоюы. Осы көрініс арқылы балаларды қатігездікке үйретіп жатыр ма? Мультхикаяның бастапқы жиырма минутының өзінен осындай өрескел қателіктерді байқаймыз. Бұл мультхикаяның шыққана қазір жеті жылдан аса уақыт өтті. Осы уақыт аралығында мұны көрген балалардың ата-бабасы туралы «адамжегіш», «өзімшіл»,«сараң» деген көзқарастары қалыптасқаны сөзсіз. Осының өзі ұлтымыз болашығына балта шабумен тең емес пе? Осы уақытқа дейін бұл жобамен түсірілген талай мультхикаялар мен мультсериалдар бар. Айталық, Алдар көсенің 85 бөлімі, эпостық жылдардың 77 бөлімі, қазақ ертегілерінің 40 фильмі, сонымен қатар «Ер Тарғын»,«Қамбар батыр»,«Алпамыс батыр»,«Қыз жібек»,«Қозы Көрпеш-Баян сұлу»,« Қобыланды батыр» сынды толық метражды мультхикаялар түсірген. Олардың сюжеттік қателіктері де жеткілік екені даусыз. Құрметті, ата-аналар! Балалардың не көріп, не ойлап, не нәрсемен айналысып жатқанына баса назар аударуларыңызды сұраймыз. Әрі осы Краус Артур мен Краус Игорь басшылыққа алып түсірілген мультхикаяларды әлеуметтік желілерде таралуын әрі теледидар бағдарламарында көрсетілуін тоқтатуды сұраймыз. Болашақ жастардың қолында. Өз болашағымызға өзіміз балта шаппайық! Мультхикаяның сілтемесі: https://youtu.be/uu4zOAaYYtA?si=upiw5mxCJ_clr5Wh

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті; ф.ғ.к,доцент: Абдуалиева Ж.Б.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар