Фертилдік жастағы әйелдерді прегравидарлық дайындықпен қамту көрсеткіші 45%-ға дейін артады — Денсаулық сақтау министрлігі
- авторСадуақас Айсұлу
- 12 сәуір, 2025
- 201

Соңғы 10 жыл ішінде елімізде нәресте өлімі 8,3%-ға, ал ана өлімі 12%-ға төмендеген. Бұл — «Әрбір әйел – әрбір бала» атты іс-қимыл жоспары аясында атқарылған шаралардың нәтижесі.
2024 жылдан бастап фертилдік жастағы әйелдер арасында аурулардың алдын алу бағытында жаңа тәсілдер енгізілді. Жүкті және босанатын әйелдердің медициналық маршруттары оңтайландырылып, акушерлік көмекті ұйымдастыру стандарттары жаңартылды. Сонымен қатар, босандыру қызметі саласындағы үйлестіру жұмыстары күшейіп, бұл ана мен нәресте қауіпсіздігін арттыруға сеп болды.
Бала өлімі құрылымында бірінші орында тұрған туа біткен даму кемістіктерінің алдын алу мақсатында 13 өңірде 15 «бір күндік клиника» ашылып, онда 50 мыңға жуық жүкті әйел тексеруден өтті.
Денсаулық сақтау министрлігі әйелдердің денсаулығын нығайту, жүктілікті жоспарлаудың тиімді әрі қауіпсіз жолдарын ұсыну мақсатында «Аналар саулығы» арнайы бағдарламасын бекітті. Бұл бағдарлама аясында алғаш рет фертилдік жастағы, жүктілікті жоспарлап жүрген әйелдер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде 12 базалық тексеруден өте алады. Қажет болған жағдайда оларға сауықтыру бағдарламалары ұсынылады.
2025 жылға қарай жоспарланбаған жүктіліктер санын азайту және аналардың денсаулығын жақсарту мақсатында фертилдік жастағы әйелдерді прегравидарлық дайындықпен қамту көрсеткішін 45%-ға, ал контрацепциямен қамтуды 50%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Бүгінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек (МСАК) ұйымдарында фертилдік жастағы әйелдерді тексеру алгоритмдері бекітілген. Сондай-ақ отбасын жоспарлау бағытында 845 арнайы кабинет жұмыс істейді. Бұл орталықтарда әйелдер бейінді мамандардың кеңесіне жүгініп, қажетті қызметтерді ала алады.
Сонымен қатар, анемия, пиелонефрит, қант диабеті және артериялық гипертензия сияқты экстрагениталды аурулары бар жүкті әйелдер тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.
2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 706 ауыр босану жағдайы тіркеліп, оның 95%-ында әйелдердің өмірі сақталып қалған. 1000 босануға шаққандағы ауыр жағдай көрсеткіші 1,9-ды құрап отыр. Бұл өткен жылғы 2,2 көрсеткішімен салыстырғанда төмен. 2021 жылдан бері ауыр жағдайлардың саны 40%-ға азайғаны байқалады.
Салада акушерлік-гинекологиялық көмек сапасын жақсарту үшін 25 клиникалық хаттама қайта қаралды. Қазіргі таңда елімізде жыл сайын орта есеппен 350 мың жүкті әйелге қызмет көрсететін 4,7 мың акушер-гинеколог пен 9 мыңнан астам акушер жұмыс істейді.
Ұқсас жаңалықтар
Таразда «Дүниежүзілік еңбек күніне» орай семинар өтті
- авторБақытжан Бекболат
- 18 сәуір, 2025