Футболдан Чемпиондар лигасы: Бүгін «Астана» грузиялық «Динамомен» кездеседі
Футболдан Чемпиондар лигасы: Бүгін «Астана» грузиялық «Динамомен» кездеседі
Бүгін футболдан UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу сатысында елордалық «Астана» өз алаңында «Динамо Тбилиси» (Грузия) командасымен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Кездесу 12 шілдеде «Астана-арена» стадионында елорда уақытымен 19:50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. «Динамо Тбилиси» (Грузия) 1925 жылы құрылған. КСРО біріншілігінде 1964, 1978 жылдары чемпион атанды. Ал 1990 жылдан бері өз елінде 18 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Сондай-ақ, 1981 жылы UEFA кубок иегерлері кубогында бас жүлде алды. Екі команда арасындағы қарымта кездесу 19 шілдеге белгіленген. Жеңімпаз ұжым екінші іріктеу сатысында «Динамо Загреб» командасымен шеберлік байқасады. Ойын 25 шілде және 1 тамыз күндері болады. Грузиялық ұжым 2014 жылы Чемпиондар лигасы екінші іріктеу сатысында қазақстандық «Ақтөбе» клубына (0:1, 0:3) есе жіберген еді. Айта кетсек, «Астана» 2015-2016 жылғы кезеңде аталған турнирдің топтық кезеңінде ойын көрсетті. Ал, 2016, 2017, 2018 жылдарда Еуропа лигасы топтық кезеңінде сынға түсті.