Жаңалықтар

Гаитидегі ашаршылық апатты деңгейге жетті

Гаитидегі ашаршылық апатты деңгейге жетті

Гаити тұрғындары шарасыз жағдайда қалды – елді зорлық-зомбылық шарпыды, азық-түлік, жанар-жағармай жетіспейді, мемлекеттік қызметтер жұмыс істемейді. Жұма күні БҰҰ мекемелері алғаш рет елдегі ашаршылықтың апатты деңгейге жеткенін ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап. Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы мен Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының соңғы мәліметтеріне сәйкес 4,7 миллион гаитилік азық-түлік тапшылығын сезінуде. Ел астанасы Порт-о-Пренстің бірқатар аудандарында қарулы бандылар шабуылы үдеп тұр. Адамдар көшеге шығуға қорқады, жұмысқа немесе базарға да бара алмайды. Гаити экономикасы толығымен құлдырап, ел ішінде хаос орнады. Инфляция 33 пайызды құрап, жанармай құны екі есеге өсті. «Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы Гаити халқын бұл жағдайда қалдырмайды және ең осал және кедей адамдарға көмектесуді жалғастырады, - деді Гаитидегі Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы кеңсесінің басшысы Жан Мартин Бауэр. — Біз мектеп оқушыларының күн сайын құнарлы түскі ас ішуін, отбасыларды негізгі азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатырмыз». Ауыр жағдайға қарамастан, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы биылғы жылы 100 мың гаитилікке көмек көрсетті және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға көмектесуде. Осы маңызды жұмысты жалғастыру үшін Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасына алдағы алты айда 105 миллион доллар қажет. Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы шағын фермерлерге қолдау көрсетуде, оның ішінде 70 мыңға жуық адам осы күзде ауылшаруашылық өндірісіне байланысты ақшалай және басқа да көмектер алады. ЮНИСЕФ бес жасқа толмаған 100 мыңға жуық баланың өміріне қауіп төніп тұрғанын ескертеді. Олар дұрыс тамақтанбаудан әлсіреген және кез келген инфекцияға осал, және бұл жағдай тырысқақ індеті кезінде өте қауіпті. «Гаитидегі дағдарыс балалар дағдарысына айналып барады. Тырысқақ жұқтырған әрбір үшінші адам - бес жасқа толмаған бала», - деді ЮНИСЕФ-тің елдегі өкілі Бруно Маес.