Жаңалықтар

ҮГІТ ЖҮРГІЗУДІҢ ДЕ ӨЗІНДІК ТӘРТІБІ БАР

ҮГІТ ЖҮРГІЗУДІҢ ДЕ ӨЗІНДІК ТӘРТІБІ БАР

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің мәжіліс залында «ҚР Сайлау туралы» Конституциялық заңының нормаларының талаптарын сақтау туралы отырыс өтті. 

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Мәдиева баяндама жасап, сайлау алдындағы үгіт жұмыстары қазан айының 10-ы күні сағат 18.00-де басталғанын, 19 қараша, сағат 00.00-ге дейін жалғасатынын атап өтті. Спикердің айтуынша, сайлау алдындағы үгіт үш жолмен жүзеге асырылады. – Біріншісі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізіледі. Бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттардың сайлау науқанын объективті жариялауды жүзеге асыруға, кандидаттың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдар мен өзге де ақпаратты жариялаудан бас тартуға міндетті. Бұқаралық ақпарат құралының редакциясы кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларын жариялаудан бас тартуға міндетті. Егер бағдарламада Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, республиканың тұтастығын бұзу, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, алауыздықты қоздыру, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа табыну идеялары, сондай-ақ заңнамада көзделмеген әскерилендірілген құрылымдар құру байқалған жағдайда. Үгіттеудің екінші тәсілі сайлау алдындағы жария іс-шараларды, сондай-ақ кандидаттар мен олардың сенімді адамдарының сайлаушылармен жеке кездесулерін өткізу арқылы жүзеге асады. Сайлау заңнамасына сәйкес сайлау комиссиялары ЖАО және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп, кандидаттардың сайлаушылармен бөлінген үй-жайда кездесулер кестесін дайындайды және оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды. Үгіттеудің үшінші тәсілі – баспа, аудиовизуалды және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату. «ҚР Сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес барлық үгіттік баспа материалдары таңбалануы тиіс. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде үгіттік баспа материалдарын дайындауға, анонимді үгіттік материалдарды таратуға тыйым салынады, – деді баяндамашы. Сөз соңында С.Мәдиева сайлау алдындағы үгіт мерзімдерін, тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін құқықтық жауапкершілік көзделгенін, ал кандидаттарға қатысты тіркеудің күшін жоюға дейін қарастырылғанын атап өтті. Мұнан соң облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев сөз алып, БАҚ-тың сайлау алдындағы үгіт жүргізу шарттарын сақтау тұрғысынан ақпараттық кеңістікке мониторинг қалай жүзеге асырылатыны туралы баяндады. – 13 қыркүйектен бастап дайындық кезеңінде жоспарланған іс-шаралар толығымен ұйымдастырылды. Ол бойынша мерзімді басылымдарда 1 793 мақала, интернет ресурстарда 1 171 және әлеуметтік желілерде 98 250 материал орналастырылды. Облыстық телеарналардан 1000-ға жуық сюжет көрсетілді. Ақпараттандыру жұмысы сайлау заңнамасына сәйкес Президент әкімшілігінің ұсынымдарын басшылыққа ала отырып жасалуда. Сайлау науқанының барлық қатысушыларының сайлау заңнамасын сақтауы өте маңызды. Қандай да бір бұзушылықтар анықталған жағдайда, біз оларды облыстық прокуратураға жібереміз және бұл туралы Орталық сайлау комиссиясына хабарлаймыз. Олар заңға сәйкес тиісті шараларды қабылдайтын болады, – деді Алмас Кәдірбекұлы. Жиынды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов қорытындылады.