Жаңалықтар

Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев 70 жаста

Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев 70 жаста

Жамбыл жері тарихи тұлғалар,батырлар,ақын – жазушылар мен қоғам қайраткерлері шыққан қасиетті мекен. Соның бірі Жерұйық мекен – Жуалы десе, ең алдымен ойымызға шындықтың шырақшысы Шер-аға мен батыр Бауыржан Момышұлы түсетіні сөзсіз. Жамбыл облысындағы бұл ауданды батырлар ғана емес, генералдар елі деп те атайды. Мәселен Ауған соғысының ардагері, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев та Жуалының перзенті. Киелі мекеннен шыққан Бақытжан Ертаев биыл 70 жасқа толды. Мерейтойы қарсанында туған жеріне ат басын бұрып, Бауыржан Момышұлының ескерткішіне  гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Шарада сөз алып, жерлестеріне Жуалы жерінің ол үшін ыстық екенін, әрдайым осы жерде туып өскеніне мақтанатынын жеткізді.  Сондай-ақ, сапар барысында Ертай ауылына ат басын бұрып, ауылдастарымен кездесті. Ертаевтың туған ауылы тау бөктеріне жапсарлас жатыр екен. Халық қаһарманының әкесі Ертай бабаның есімімен аталатын елді мекенге жеткенде, көзімізге бірден зәулім Алланың жердегі үйі мен мұндалады. Қаратаудың бөктеріндегі мекенде орналасқан «Құлбайымбет» мешіті Бақытжан Ертаевтың ықпалымен бой көтерген екен. Генерал бірден  сол жерде аяңдап, ата-баба рухына құран бағыштады. Ал әрмен қарай мешіт іргесінде орналасқан ауыл мектебіне барып, жиналған көпшілікпен балалық шақты еске алып, әдемі әңгіме өрбітіп, шер тарқатты. Жетпістің  желкенін керген халық қаһарманына жерлестері ат мінгізіп, шапан жапты. Міне,осылайша Ертай елді мекенінің аты осындай азаматтарымен айбынды, әрі асқақ бола бермек. Диана Орынбасар