жексенбі, 24 қараша, 2024 16:42

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Халық қалаулылары Қордайда

Халық қалаулылары Қордайда
ашық дереккөзі
Халық қалаулылары Қордайда
Өткен айдың соңында ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенатының депутаттары демалысқа шығып, аймақтардағы кең көлемді жұмыстарын бастағаны белгілі. Осының аясында сәрсенбі күні ауданымызға келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Гүлдара Нұрымова мен Ильяс Буларов бірқатар ауылдарды аралап, тұрғындармен тілдесті. Сапарын ауданнан алшақ жатқан Қарасай ауылынан бастаған елордалық қонақтар ең әуелі №20 орта мектепке ат басын бұрып, ауыл ақсақалдары және жергілікті тұрғындармен кездесті. Жалпы, жақында күрделі жөндеуден өткен білім ордасында балалардың сапалы білім алуы үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Мектептің оқуға қажетті құралдармен жабдықталған типтік кабинеттері, заман талабына сай асханасы мен спорт залы бар. Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, мұнда оқушыларға отыздан астам білікті маман білім береді екен. Осылайша, ауылдық мектептің тыныс-тіршілігіне үңілген Г.Нұрымова мен И.Буларов ғимараттың алаңқайында ауыл азаматтарының айтарына құлақ асты. Мәселен, ауыл азаматы Өмірсерік Байтасов халық қалаулыларынан ауылға барар жолды кеңейту мәселесіне қолғабыс етуін сұраса, ауыл ақсақалы Асық Уәлиев Қарасай мен Еңбек ауылдарын газдандыру жөніндегі сұрағын қойып, аталық ақ батасын берді. Осыдан кейін Мәжіліс депутаттары Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбаймен бірге қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының жаны сая тапқан жерге табан тіреп, батыр бабамыздың рухына тағзым етті. Келесі кезекте сапар Масаншы және Сортөбе ауылдарында жалғасты. Мұнда қонақтар алдымен Масаншы ауылындағы мұражайда болып, ондағы сақтаулы тұрған құнды жәдігерлермен таныса келе, ауылдың қақ ортасынан бой көтерген 600 орындық мектептік құрылыс жұмыстарымен танысты. Мұндағы жауапты міндетті «ТаразСтрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз мойнына алған. Үш қабаттан тұратын ғимараттың бүгінде қабырғасы көтеріліп, ішкі әрлеу жұмыстары аяқталған. Мердігер компания өкілдері алдағы уақытта нысанның сыртқы сылау жұмыстарын аяқтап, абаттандыру жұмыстарының аяқталуына аз қалғанын атап өтті. Ал, келесі кездесу Сортөбе ауылдық мәдениет үйінде өтті. Мұнда депутаттар аудан ақсақалдары және ауыл тұрғындарымен тілдесіп, олардың тарапынан түскен маңызды мәселелерді түртіп алды. Іс-шара барысында Жамбыл облысының және Қордай ауданының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілхановтар бастаған бір топ азаматтар рухани бірлікті, достық пен этносаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен марапатталды. Осыдан кейін Мәжіліс депутаттары Сортөбе ауылындағы қоспәтерлі он тұрғын үйдің құрылысын көрді. Әрқайсысы 80 шаршы метрді құрайтын баспаналар бес бөлмеден тұрады. Құрылысшылар бүгінге үйлердің ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарын соңына шығарып, ауласы мен бақшасын темір қоршаумен қоршаған. Алдағы уақытта олар нысанның еденін төсеп, қажетті жабдықтарын орнатпақ. Қонақтар сапарының соңында Қордай ауылындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында ашылған компьютерлік томография кабинетіне барып, заманауи орталықтың жұмыс барысын байқады. Осылайша, ауданның бес ауылын аралап, бірнеше кездесу өткізген халық қалаулылары жергілікті жерлердегі өзекті мәселелердің шешімін табуға уәде етті.  width=  width=  width=

Әлібек ОСПАНОВ

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар