Жаңалықтар

Халықпен кездесулер жаңа форматта өтіп жатыр

Халықпен кездесулер жаңа форматта өтіп жатыр

  Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов журналистермен өткен брифингте ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жұмысының басым бағыттарының бірі екендігіне, осы орайда халықпен кездесулер жаңа форматта өтіп жатқандығына тоқталды. - Бүгінгі күнге барлығы 412 кездесу өткізілсе, оның 13 менің  қатысуымен ұйымдастырылды. Кері байланыс – қоғам мен билік арасындағы диалогтың, өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың негізі. Біз облыстық әкімдікте үш ай бойы үздіксіз әр апта сайын мемлекеттік органдардың халықпен кері байланысын нығайту мәселелерін қарастырдық.  Бірқатар нәтижеге қол жеткіздік. Аталған кеңестерде тұрғындар тарапынан көтерілген 28 мәселені қарадық. Нәтижесінде,  25 мәселе шешімін тапты, үшеуі қарастырылуда, - деді. Көтерілген мәселелердің басым бөлігі Тараз қаласынан түскен. Мәселен, олардың бірқатары Жасыл Ел Тараз бен 15-ші мөлтек аудандағы проблемаларға қатысты болған. Әкім әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарындағы жазбалардың әрқайсысы бойынша жеке танысып отыратындығын, ешбір тұрғынның мәселесі назардан тыс қалмайтындығын атап өтті. - Мемлекет басшысы айтқандай, біз айқайшылар мен провокаторлардың жетегіне кетпеуіміз керек. Керісінше, объективті көзқарастағы, сын айтса да, конструктивті диалог құруға дайын барша қоғам өкілдерімен бірлесе жұмыс атқаруға барымызды саламыз! – деді. Бүгінде әлеуметтік желіде жөн-жосықсыз жазғыштар мен негізсіз ақпарат тарататын арандатушылардың аз емес екендігіне, кез-келген мәселенің шешімін байыппен күтудің орнына, облыс әкімдігінің алдына жиналып, аттандауға әуестенген  мақсаты бұлыңғыр топтар да кездесетіндігіне қынжылыс білдірді. Жаңа қоғам құруға ұмтылған мемлекетіміздің басты ұстанымы – заңдылық, әділдік, ашықтық болып қала беретіндігін, сонымен қатар тұрғындардың билікке деген сенімі маңызды екендігін айтты.