сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 23:30

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Халық әртісі» қайта оралды

«Халық әртісі» қайта оралды
ашық дереккөзі
«Халық әртісі» қайта оралды

«Қазақстанның халық әртісі» атағы қайта беріледі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда ғана жаңадан жасақталған Парламенттің бірінші сессиясында айтты. Осылайша биылғы Республика күні мерекесінде аталған атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталатын болады.

Негізі «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы музыка мен хореография, эстрада мен цирк өнерін дамытуға қосқан адамдарға беріледі. 1920 жылдары белгіленген бұл марапат 1999 жылы алынып тасталған болатын.

«Қазақ АКСР халық әртісі» атағы алғаш рет 1923-1924 жылы Александр Затаевич пен Нина Анненкова Бернарға, 1931 жылы қазақтың ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылар, актер Елубай Өмірзақов пен режиссер, драматург Жұмат Шанинге берілген еді. 1991 жылы еліміз егемендік алғаннан кейін бұл атақ «Қазақстанның халық әртісі» деп өзгертілді.

Тәуелсіздік жылдарында мәдениет саласына елеулі үлес қосып, «Қазақстанның халық әртісі» атағымен қазақ балет әртісі Болат Аюханов, театр және кино әртісі Бикен Римова, әнші Роза Рымбаева, Ескендір Хасанғалиев, актер әрі драматург Тұңғышбай Жаманқұлов, театр актрисасы Зәмзәгүл Шәріпова, Роза Әшірбекова, Хабиба Елебекова, Қазақтың тұңғыш кәсіби иллюзионисі, көрнекті эстрада-цирк әртісі Сара Қабиғожина және осы сынды тағы басқа да азаматтар марапатталды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, елімізде «Қазақстанның халық әртісі» атағына ие 51 адам бар екен. Олардың 44-і мемлекеттік мәдениет мекемелерінде жұмыс істейді.

Өкен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағын қайтару туралы министрлікке тапсырма берді. Ал биыл VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы халықтың көкейінде түйінделіп, көптен шоғырланып, шешуін күтіп жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, нақтылы міндеттерді тапсырды. Оның ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын, биыл қазан айында – Республика күнінде осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталатынын жеткізді. Осыған орай өңірдегі бірқатар өнер адамдарының пікірін біліп көрген едік.

Асқарбек СЕЙІЛХАН, Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының актері, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген әртісі:

– Мемлекет басшысы «Қазақстанның халық әртісі» атағының қайтарылатынын және марапаттау рәсімі биылдан бастап жалғасатынын мәлімдеді. Бұл – біз секілді бүкіл ғұмырын өнер саласына арнап келе жатқан жанкешті еңбек иелері үшін өте жағымды жаңалық. Біз бұл жаңалықты қуана қолдаймыз.

Кеңестер одағы кезінде «Халық әртісі» атағы өнер саласындағы адамдарға жапа-тармағай берілген жоқ. Ол кезде «Халық әртісі» атағы өнер саласында ақ тер, көк тер болып ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, әбден танылған, өз мамандығы мен кәсібіне мейлінше берілген, ең азы бір-екі толқын кейінгі жастарды тәрбиелеп, соңына ізбасар шәкірттер ерткен, жастары 40-45-тен асып, толысқан тұлғаларға берілетін. Қазіргі Тәуелсіз Қазақстан жағдайында да «Қазақстанның халық әртісі» атағын беруде осы үрдіс пен тәртіп жоғалмауы керек.

Бір мен ғана емес, мен сияқты ондаған, тіпті жүздеген өнер адамдары кезінде «Қазақстанның халық әртісі» атағын ала алмай қалдық. Ал шын мәнінде қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз еңбегіміз сіңген мен де және мен сияқты ондаған белгілі тұлғалар да «Қазақстанның халық әртісі» атағын алуға толық құқылы едік.

Қазір көбіміз 70 жастан асып кеттік. Бірақ біз жасымыз 70-тен асса да киелі сахнадан кеткен жоқпыз. Бар тағдырымызды, керек болса, бар өмірімізді осы өнер жолына сарп етіп, арқа етіміз арша, борбай етіміз борша болып, әлі де жан-тәнімізбен беріліп, халыққа, өнерге қызмет етіп келеміз. Осы себепті «Қазақстанның халық әртісі» атағын ең алғаш, осы біз секілді жастары егде тартқан сахна майталмандарына беруді ұсынамын.

Әбиірбек ТІНӘЛІ, Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Мен өз басым Мемлекет басшысының «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайтарылатыны жөніндегі мәлімдемесін зор қуанышпен қабылдадым.

Сонау 90-жылдары жойылып кеткен бұл атақты қайтару – мәдениет пен өнер саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан белгілі сахна шеберлері үшін зор стимул болмақ.

«Халық әртісі» атағы, меніңше, ең біріншіден, халықтың ортасына шығып, өнерде дараланған, көптеген өз әріптестерінен оза шапқан өнер иелеріне, мәдениет пен өнер саласында ең кемі 20 жылдан аса еселі еңбек етіп келе жатқан сахнагерлерге: әртістер мен режиссерлерге, сценографистерге, композиторларға, әншілерге берілуі тиіс деп пайымдаймын.

Бұл ретте аталған өнер иелері халықтың ойындағы арман-тілек, ниеттерін, үміттерін актер болса образбен, композитор болса сазбен, әнші болса әндерімен беріп, рухани байлықты сол өзінің көркем дүниесі арқылы насихаттап, танытуда үнемі алғы шепте болуы, көрермен мен жалпы халықтың сүйіктісіне, көзайымына айналуы шарт.

Сондықтан халық сүйген өнер адамдарына мұндай құрметті атақ берілуі керек. Әйтпесе бүгінде шын мәнінде өнерге сіңіріп жатқан еңбегі еленбей жүрген осындай қаншама азаматтарымыз бар.

Майра ӘЛІМБЕТОВА, Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

– Мемлекет басшысының «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайта қалпына келтіру туралы мәлімдемесін оқығанда төбеміз көкке жете қуандық.

Біз, киелі сахна саңлақтары өмір бойы атадан балаға мұра болып қалатын асыл қазынамыз, халқымыздың баға жетпес құндылықтары – ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді көздің қарашығындай сақтап, оларды одан әрі жаңартып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етіп келеміз.

Актерлік өнердегі жасампаздық пен дәстүр жалғасын жалғап, өнер тарихына өз іздерін салып, актерлік дәстүр деген ұғым қалыптастырып, өткенді бүгінмен, бүгінді ертеңмен жалғастырып, сахна әлемін жаңартуда қажымай, шаршамай, жасампаздық, өміршеңдік үлгілерін көрсетіп келе жатқан да, біз – әртістер қауымы.

Осы себепті мен әртістер қауымын материалдық және моральдік тұрғыда көтермелеу шараларын жетілдіруді әр уақытта да айтып жүруші едім. Сондықтан Мемлекет басшысының «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайтаратыны жөніндегі мәлімдемесін құптаймын және қуана қабылдаймын.

Айжан ӨЗБЕКОВА

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар