Жаңалықтар

ІІ дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлердің сүйектері елге жеткізілді

ІІ дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлердің сүйектері елге жеткізілді

Қазақстан Қарулы күштерінің әскери борты соғыс жылдарында қаза тапқан жауынгерлер – Николай Гуров, Төлеген Үркербаев және Петр Фоменконың сүйектерін Мәскеуден Нұр-Сұлтанға жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.   «Сұрапыл соғыстан оралмай, хабар-ошарсыз кеткен сарбаздар мен офицерлердің ұрпақтары әлі күнге дейін бабалары жайлы хабар күтеді. Соғыста қаза тапқан соңғы сарбаз жерленгенге дейін іздеу жалғаса бермек. Біз бірлесіп атқарып жатқан жұмыс жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге, қазақстандық жауынгерлердің жанқиярлығы мен батылдығы туралы тарихты жадымызда сақтауға барынша ықпал етеріне сенімдімін», - деді рәсім барысында Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов.   Министр қазақстандық жауынгерлердің сүйектерін іздестіруге белсене қатысқандардың бәріне алғыс білдірді.   Төлеген Үркербаев – Алматы облысының Ұзынағаш кентінен, Петр Абрамович Фоменко – Қостанай облысы Алтынсарин ауданының Щербаковка ауылынан, Николай Матвеевич Гуров – Алматы қаласынан екені нақтыланған.   Аталған өңірлерде жауынгерлердің сүйектерін қарсы алу, туыстарына беру және әскери құрмет көрсетіліп, қайта жерлеу рәсімдері өтеді.   Айта кетейік, шара ұйымдастырушысы - «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі. Ол Қазақстаннан ІІ дүниежүзілік соғысқа аттанып, қаза тапқан және хабарсыз кеткен сарбаздардың жерленген жерін анықтау бойынша мұрағаттық-іздестіру жұмыстарымен айналысады.