Жаңалықтар

Имидждік жобалардан гөрі қордаланған мәселелерді шешуге басымдық берген дұрыс

Имидждік жобалардан гөрі қордаланған мәселелерді шешуге басымдық берген дұрыс

  Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бүгінгі кездесуінде Тараз қаласында қордаланған проблемаларды тізіп тұрып, жасырмай айтып берді. - Үздіксіз шағымданып жүрген тұрғындардың жанайқайын түсінуге болады. Бізге шаһар шырайын арттыратын имидждік жобалардан гөрі, алдымен сол қордаланған мәселелерді рет-ретімен шешуге аса басымдық берген дұрыс! – деді. Осы орайда, облыс орталығын дамыту бойынша ауқымды жоспар әзірленіп, тиісті шаралар қабылдануда екен. Экологиялық өзекті мәселенің бірі кәріз тазарту жүйесіне қатысты сауалды түбегейлі шешу үшін кәріздік тазарту имараты салынбақ. Бұл бағытта инвесторлар тартылып, келіссөздер жүргізілуде. Тағы бір мәселе, қала аумағында ирригациялық жүйелердің басым бөлігі істен шыққан. Канал арналары механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Қазіргі уақытта барлық көшелерге зерделеу жүргізіліп, ақау актілері әзірленген. Тараз қаласының ирригациялық жүйесін қалпына келтіру мен дамыту жұмыстары 3 жылға арналған іс-шаралар жоспары аясында жүргізілмек. Тұрғын алқаптарда жарықтың жиі өшіп қалатындығы да тұрғындардың наразылығын туғызуда. Қарапайым тұрғындар мәселенің шешімін тиісті жеке компаниялардан емес, жергілікті биліктен күтеді деген өңір басшысы  бұл тұрғыда қала әкімдігіне нақты тапсырмалар жүктелгендігін айтты.  Көшелерді жөндеу ісіндегі олқылықтар мен «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің жұмысын да сын тезіне алды. Тараздағы көшелердің 40 пайызы асфальтталмағандығы да ойланатын мәселе. Ал аталған мекеме өткен жылдың қорытындысын 445,2 млн.теңге шығынмен аяқтаған. Аулаларды абаттандыруға қатысты да мәселе көп. 2020 жылы жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 163 аула абаттандырылған. Алайда, 163 аула тек сан күйінде қалып, көп жұмыстар толық аяқталмаған. Нақтылы кезеңде құзырлы органдар тарапынан тиісті бөлімнің  бұрынғы басшысына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Биыл жалпы құны 2,5 млрд.  теңгеге 100 ауланы абаттандыру жұмыстары жоспарланған. Дегенмен қала әкімдігі тарапынан бюджет  мүмкіндігі ескерілмеген. Сөйтіп қаржы тапшылығына байланысты абаттандырылатын 100 алаңша 23 алаңға дейін қысқартылған. Биыл 980,6 млн. теңгеге электр бағанасы бар 123 көшеге түнгі жарық шамдарын орнату жоспарланған. Алайда тек 185 млн. теңгеге мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізілуде. Су бұрқақтарына да қатысты мәселе күн тәртібінде. Жалпы шаһарда 49  су бұрқағы болса, оның 13-і  істен шыққан. Бұған басты себеп, күтіп-ұстау жұмыстарының дер кезінде жүргізілмеуі. Қолданыстағы су бұрқақтар жергілікті әкімдік тарапынан бақылауға алынған. Ал істен шыққан су бұрқақтарын қалпына келтіру үшін ақау актісі есептеліп, сметалық құжаттамасы әзірленуде. Қаладағы өзекті мәселенің бірі – кәсіпкерлікке берілген жерлердің  заңдылығы. Қалалық әкімдік тарапынан кәсіпкерлік мақсатта берілген, игерілмей қалған 200 жер учаскесі анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесу барысында журналистер Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың еңбек демалысынан әлдеқашан шығатын уақыты болғандығын айтып, облыс әкіміне сұрау салды. Нұржан Нұржігітов Ержан Жылқыбаевтың еңбек демалысынан кейін денсаулығына байланысты тағы да уақытша демалыс алғандығын, қазіргі уақытта қайда екендігін білмейтіндігін алайда 22 шілдеде әкімнің жұмысқа шығуы тиістігін айтты.