«IQ URKER» жеке меншік бастауыш мектебі ашылды
«IQ URKER» жеке меншік бастауыш мектебі ашылды
Бүгін Шу ауданында 250 орынды «IQ URKER» жеке меншік бастауыш мектебі ашылып, балалардың игілігіне берілді. Нысанның құрылыс жұмыстарына жеке кәсіпкердің қаражатынан 600 миллион теңге жұмсалып, қажетті материалдық-техникалық базамен толықтай жабдықталды. Заманауи білім ордасында 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Шу ауданының әкімі Сәкен Арубаев та қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты. «Шу ауданында 114 білім мекемесі бар болса, оның 47-сі орта мектеп. Биыл Шу қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің жапсарлас ғимараты пайдалануға берілді және аудан орталығында 300 орындық бір мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы С.Шәкіров атындағы мектептің спорт залының құрылысына сметалық құжатын әзірлеуге 10 млн, 5 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының құжатын дайындауға 2,5 млн. теңге қарастырылды. Алдағы үш жылдың ішінде білім саласында бірқатар мектептер салынып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. 2025 жылға дейін білім нысандары бойынша мәселелер шешімін табады деп жоспарымыз бар», - деді аудан әкімі Сәкен Қаланұлы. «IQ URKER» жеке меншік бастауыш мектебіндегі оқу-процестері қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Сондай-ақ, спорт залы мен музыка залдары бар. Мектепалды даярлық және бастауыш сыныптар бойынша негізгі және қосымша мемлекеттік білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады.