Өңір экономикасы өркендеп келеді
Өңір экономикасы өркендеп келеді
Өркениеті озық, дамыған елдерде күнделiктi тұтынуды қажет ететін азық-түлiктің кез келген түрі мүмкіндігінше өздерінде өндiрiлетінi белгілі. Ал өздерінен артылғанын олар біз секілді дамушы елдерге экспорттайды. Содан кейін шығар, біздің өңірге шұжық, паштет, сыр, ірімшік іспетті қайта өңдеу арқылы өндірілген өнім түрлерін айтпағанда, көкөніс, жеміс-жидектің өзі алыс-жақын шетелдерден қысы-жазы ағылып келіп жатады. Бүгінде осы олқылықтың орнын толтыру, яғни отандық нарықтан шетелдік өнімді ығыстыру мақсатында облыс әкімдігінің ауылшаруашылық басқармасы ауқымды шаруаларды жүзеге асыруда. Бұған өңірдің азық-түлiк қауiпсiздiгiне стратегиялық маңыз берудің септігі тиіп отырғанын айта кетуіміз керек. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылшаруашылық саласын ілгерілетуде айқындап берген бағыттары аясында өңірде бәсекеге қабілетті өнім өндіру мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізу қолға алынған. Мәселен, биыл асыраушы салада 562,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Өсім – 6,1 пайыз. 343,6 миллиард теңгеге инвестиция тартылған. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 3,5 пайызға ұлғайған. Жалпы бұл салаға биыл 32 миллиард теңге бөлінген екен. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің айтуынша, осы жылы 371,1 мың гектардан масақты дәнді дақыл орылып, жалпы түсім 633,4 мың тоннаны құраған. Орташа өнімділік көрсеткіші гектарына 17,1 центнерден айналған. 1576 мың тонна көкөніс дақылдары, 290,2 мың тонна картоп өнімі, 1,1 тоннадан астам пияз жиналған. – Биыл облысымызда мал саны артып, ет өндірісі де ұлғайды. Соның арқасында сыртқа 1,7 мың тонна ет экспортталды. Сонымен қатар аталған салада инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, биыл құны 17,9 миллиард теңгені құрайтын 14 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, соның есебінен 281 жұмыс орнын құру көзделген. Дегенмен 14,8 миллиард теңге болатын 10 инвестициялық жоба іске қосылып, 179 адам жұмыспен қамтылды. Осы жылы қант қызылшасының да өнімділігі артты. 5,5 мың гектар қант қызылшасы егіліп, 4,5 мың гектардан 187,2 мың тонна қант қызылшасы жиналды. Оның 117,2 мың тоннасы қант зауыттарына өткізіліп, одан 11 мың тонна қант өндірілді. Жалпы жиналған өнімнен 18 мың тоннаға жуық таза қант өндіру көзделген. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулардың нәтижесінде алдағы жылы қант қызылшасы алқабын 10 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланды. Тағы бір маңызды міндет – суармалы алқаптарды қалпына келтіру. Осы мақсатта арнайы жол картасы әзірленді. Өңірдің суармалы жерлерінің көлемі 179,2 мың гектарды құрайды. Оның 55,2 мың гектары тиісті нормативтерге сәйкес сумен қамтамасыз етілсе, 47 мың гектар алқап 30-40 пайыз деңгейде қамтылған. Қалған 77 мың гектар жер телімі алқап ретінде пайдаланылуда. Келер жылдың өнімі үшін күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 10 725 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бүгінде ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі «Ауыл аманаты» деген атпен таратылып отырған пилоттық жоба аясындағы іс-шаралармен 2025 жылға дейін барлық ауыл тұрғындарын қамту көзделген. Пилоттық жоба қазір одан әрі жалғасуда. Ол үшін 75,5 миллиард теңге бөлу қажет етілген. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 69 миллиард теңгеге 188 жоба қаржыландырылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 21,7 пайызды құрады. 155 ірі сауда дүкеніне делдалсыз 3 мың тоннаға жуық 9 тауар түрі бойынша ұн, тауық еті, сүзбе, тұздалмаған сары май, макарон, жұмыртқа, тұз, қант және айранды тікелей жеткізу ұйымдастырылды. 244 ірі сауда желісімен 11 мың тонна көлемінде 10 тауар түрі – ұн, тауық еті, ет, тұздалмаған сары май, макарон, сүт, пияз, картоп, қырыққабат және сәбіз бойынша күзгі форвардтық келісім жасалды. Облыста 32 әлеуметтік павильон қызмет көрсетіп жатса, осы уақытқа дейін халықтың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 532 жәрмеңке ұйымдастырылды. 17 мың тонна арзандатылған ауылшаруашылық өнімдері сатылды. Бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының барлық қоры жеткілікті. Анықтама ретінде айта кетер болсақ, облыстағы барлық қорлар – 50 089,4 тонна. Тұрақтандыру қорында – 2 167,9 тонна, айналым қаражат шеңберінде – 284 тонна, өндіріс кәсіпорнында – 12 473 тонна, қоймаларда – 33 308 тонна, сауда объектілерінде (айналым схемасын есепке алмағанда) – 1 857 тонна бар. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» 1-сұрыпты бидайының ұны 130 теңгеден наубайханаларға өткерілуде. Ұнның қымбаттау себебінен нан бағасы 90 теңгеден 100 теңгеге өсті. Статистикаға сәйкес ұн бағасы 24 пайызға өскенімен өңірлер арасында 12-орында және орташа республика бағасынан 11 пайызға төмен, – дейді Қанатбек Қайшыбекұлы. Бүгінде нарықтағы 1-сұрыпты бидай ұнының 1 келісінің орташа бағасы 200-210 теңге, 1-сұрыпты бидай ұнынан жасалған нан бағасы 165 теңге болса, басқа өңірлер арасында 17-орында және орташа республика бағасынан 14,5 пайызға төмен екен. 12 айдың ішінде 11,5 пайызға өскен. Жыл басында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясынан» 15 590 тонна бидай алынып, одан 10 913 тонна 1-ші сұрыпты ұн өндіріліпті. Оның ішінде 9 857 тонна ұн 130 теңгеден Тараз қаласы және аудан наубайханаларына сатылған. Мамыр айында наубайханаларға 1 205 тонна, маусым айында 1 071 тонна, шілде айында 2 136 тонна, тамыз айында 2 110 тонна, қыркүйек айында 1 939 тонна, қазан айында 1 396 тонна, қараша айында 670 тонна ұн үлестірілген. Қалған 386 тонна ұн аудандардың наубайханаларына бөлініп берілуде. Бүгінде тұрақтандыру қорында 1 700 тонна ұн тұр. Қосымша 1 300 тонна ұнға келісімшарт жасалыпты. Жері байдың – елі бай Еліміздегі жер қоры қала және кенттегі, ауылдық елді мекендегі, өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру мақсатындағы, рекреациялық және тарихи-мәдени, орман қорының, су қорының аумағы, босалқы жер, ауылшаруашылық мақсатындағы жер деген секілді тағы да басқа санаттарға бөлінетіні белгілі. Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының міндеті – жер кадастрын қалыптастыру және дамыту. Мәселен, аталған басқарманың ауылшаруашылық және коммерциялық мақсаттағы жерлерді конкурс арқылы жалға беру, бос және берілген жер телімдерінің сызбасын сызу, ғарыштық түсірілім арқылы картография жасау, жеке тұрғын үй құрылысы немесе жер қойнауынан кен орындарын ашу тұрғысында жер телімін босату, жергілікті атқарушы және уәкілетті органдар пайдаланбайтын жерлерді анықтау, оны ауылшаруашылық айналымына қайта қосу секілді тағы да басқа атқарып жатқан жұмысы жетерлік. Анығын айтқанда, облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының мамандары берген мәліметке сүйенсек, өңірде бұл салада атқарылған жұмыстар көңіл көншітерлік деңгейде. Жерлерді игеру мен пайдалануға қатысты атқарылған шаруалар аз емес. Жалпы Жамбыл облысының әкімшілік аумағы 14427,5 мың гектарды құрайды, оның ішінде ауылшаруашылық мақсатындағы жері – 4675,8 мың гектар. Аталған міндеттеменің барлығы халық игілігін көздейді десек, қазіргі таңда жұртшылық үшін ең өзекті мәселе – жайылым жерлердің тапшылығы. Осыдан 3-4 жыл бұрын ауыл тұрғындары елді мекен маңайындағы жайылым жердің тарылғаны, тозғаны, алдында бағып отырған бір тұяқ малы жоқ кейбір ықпалды адамдардың ұшы-қиыры көрінбейтін жайылым жерге иелік етіп отырғаны секілді жайттарды мәселе етіп көтергені көпшілік жадында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында жайылымдық жер тапшылығына арнайы тоқталып, Үкіметке құзырлы органдармен бірлесіп, аталған мәселе бойынша батыл шаралар қабылдау қажеттігін тапсырғаны есте. Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосыновтың айтуынша, өңірде жайылымның жетіспеушілігін анықтау мақсатында облыстық прокуратура органдарымен бірлесіп, зерделеу жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесінде елді мекендерге 683 мың гектар жайылымның жетіспейтіні анықталыпты. Осы орайда мәселені жүйелі түрде шешу үшін өңірде 5 бағыт бойынша іс-шаралар атқарылған. Жер кодексінің 36-бабына сәйкес, ауылдық округ теңгеріміне босалқы жерлер санатындағы жайылым жерлерді елді мекенге беру жұмыстары жүргізіліп келеді. 2021 жылы жалпы республика бойынша 1,8 миллион гектар жайылымдық жер қайтарылып, 730,2 мың гектары жергілікті халыққа пайдалануға берілді. Оның ішінде біздің облысымыз 227,5 мың гектарын бекітті. Осы жылдың 12 айында 170 мың гектар жер ауылдық округтердің еншісіне бұйырды. Ортақ жайылым жерлердің пайдалануға беріліп кеткен бөлігін елді мекендер иелігіне қайтару шаралары қарастырылуда. Осы жерлер және елді мекендер аумағына 5 шақырым радиуста жақын орналасқан 199,6 мың гектар жайылымдық аумақтар ауылдық округтердің қарамағына өткізілуде. Былтыр 13,6 мың гектар берілсе, биыл жыл ішінде 24,1 мың гектар жер үлестірілген. Өңіріміздегі мал басы көп тұрғындарға орман қорларынан жайылымдық жерлер қарастырылған. Орман қорындағы 1,08 миллион гектар жайылымға 242,9 мың мал басы шығарылған. Диқандардың өнімі жиналған жерлерге кедергісіз мал жаю үшін олармен меморандум жасалуда. Бүгінге дейін 486,5 мың гектар аумақ бойынша осындай келісім жасалған. Игерілмеген және заң талаптарын бұза отырып пайдаланылған 252,3 мың гектар жайылым жерлердің былтыр 106,3 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылса, осы жылдың 12 айында 208,2 мың гектар жер қайтарылған. 2022 жылы жалпы 415,8 мың гектар жайылым тексеруге ұсынылды. Осы жылы қосымша елді мекен жайылымын ұлғайту үшін 170 мың гектар жер учаскесі қосылып берілген. Малды жайып, бағуды ретке келтіруде ҚР «Жайылымдар туралы» Заңының талаптарына сәйкес әрбір елді мекен бойынша жайылымдарды пайдаланудың тәртібі мен схемасы әзірленіп, бекітіліпті. – Облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасы тарапынан инвестициялық-инновациялық жобаларды жер ресурстарымен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қолдау назардан тыс қалған емес. Агроөнеркәсіптік және коммерциялық объектілерді орналастыру үшін олардың нысаналы мақсатын белгілей отырып, жер мен аумақты аймақтарға бөлу схемасы жасалды. Соңғы екі жылда инвестициялық-инновациялық жобалар үшін 12 386 гектар жер учаскелері рәсімделіп, табысталды. Атап айтқанда, Сарысу ауданының аумағында «Qazaq Soda» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 2 903 гектар, «Qazaq Bio Product» ЖШС-на 2 710 гектар, Қордай ауданының аумағында орналасқан «Шокпар Гагаринское» ЖШС-на 1 505 гектар жер учаскесі берілді. Өткен жылы 21 жер қойнауын пайдаланушыларға 413,7 гектар, 2022 жылы 22 жер қойнауын пайдаланушыға 2 198 гектар жер учаскесі берілді. Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің жайылым алқаптары халықтың малын жаю үшін ауылдық округтерге бекітіліп жатыр, ал қалған жерлер конкурс арқылы берілуде. Өңірде барлығы 4,3 миллион мал басы бар болса, оның ішінде 527,4 мың мүйізді ірі қара, 3 620 мың уақ мал, 164 мың жылқы, 8,5 мың түйе тіркелген. Тіркелген мал басын шартты басқа айналдырғанда әр басқа 8 гектар жайылым тиесілі болып шығады. Мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4,4 миллион гектар, орман ағаштары көмкерген жерлері 2,3 миллион гектар, орман қоры жерлері облыс аумағының 30,8 пайызын алып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің барлық өңірлерінде 2 миллиард түп ағаш отырғызу жөнінде тапсырмасы бар. 2021-2025 жылдары 140 миллион түп ағашты мемлекеттік орман қорына отырғызу жоспарланған. Осыған орай ормандарды молайту туралы кешенді жоспар жасалды. Өткен жылы 7,3 мың гектар жерге 10,6 миллион дана сексеуіл, 9,5 миллион дана қарағаш – 1,1 миллион дана ағаш отырғызу жоспары толығымен орындалды, – дейді Б.Көпбосынов. Облыста 368 жер қойнауын пайдалану нысаны тіркеліпті. Барлау және өндіруге арналған келісімшарттар саны – 187. Оның ішінде қатты пайдалы қазбаларға жасалғаны – 47, газға – 1, жерасты сулары үшін – 3, жерасты газ сақтау кеңістігіне – 1, кең таралған пайдалы қазбаларға арналғаны 135 келісімшарт. Лицензиялар саны 157 болса, оның ішінде қатты пайдалы қазбаларға 102, кең таралған пайдалы қазбаларға 55 лицензия беріліпті. Жол құрылысын салуға арналған жеңілдетілген рұқсат саны – 19. Ал кен іздеу үшін 5 лицензия берілген. Құрылыста қарқын бар Бүгінгі таңда облыс орталығында ғана емес, барлық аудандарда да құрылыс саласы қамшы салдырмас екпінмен алға жылжып келеді. Әрбір ауданда спорт-сауықтыру кешендері, тұрғын үйлер, әлеуметтік, мәдени нысандар бой көтеріп, көптің қуанышын еселеуде. Бұл өңірдің құрылыс саласының тамырына кейінгі жылдары қан жүгіргенін көрсетеді. Осы жылы 249 жобаға бюджеттен 88,8 миллиард теңге бөлініп, құрылыс саласында көптеген жобалар іске асырылды. «Нұрлы жер», «Ауыл – ел бесігі», «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары бойынша 146 нысанға білім беру субвенциялары Үкімет резервінен жалпы 33,9 миллиард теңге қаражат бөлініп, бүгінгі күнде 78 нысанның құрылысы аяқталыпты. Сала бойынша тоқталсақ, білім саласында сметалық құны 28,2 миллиард теңгені құрайтын 28 нысан құрылысы жүргізілген. Атап айтқанда, 20 жаңа мектеп, 1 мектептен тыс дамыту орталығы, 5 жапсарлас құрылыс, 1 колледжге ангар салынып, 1 мектептің сыртқы инженерлік желілері тартылып, абаттандырылған. Бүгінде облыста 7,8 миллиард теңге қаржы бөлініп, 15 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталған. Келер жылы аяқталуы тиіс 13 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Денсаулық сақтау саласы бойынша сметалық құны 63,3 миллиард теңгені құрайтын 27 нысанның 20-сы осы жылы тапсырылады. Бүгінгі күнде 14 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталған. Жуалы ауданында Бәйтерек, Күреңбел, Жамбыл ауданында Қаракемер, Қордай ауданында Сұлутөр, Меркі ауданында Тәтті, Гранитогорск, Мойынқұм ауданында Биназар, Сарысу ауданында Тоғызкент, Әбілда, Т.Рысқұлов ауданында Жаңатұрмыс, Жақсылық, Талас ауданында Үшарал, Есейхан, Шу ауданында Еңбек медициналық пункттері мен дәрігерлік амбулаториялары қолданысқа дайын. Спорт саласында облыс бойынша 2,7 миллиард теңгеге 19 нысанның құрылысы жүргізіліп, сметалық құны 6,9 миллиард теңге тұратын 8 спорттық сауықтыру кешенін пайдалануға беру көзделген. Оның ішінде 11 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Сондай-ақ Қордай ауданының Сарыбұлақ ауылындағы және Талас ауданының Ақкөл ауылындағы спорт кешендерінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне ұсынылған. Мәдениет саласы бойынша жалпы сметалық құны 3,5 миллиард теңгені құрайтын 12 нысан салыну керек болса, оның ішінде алтауына 1,7 миллиард теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары толығымен аяқталыпты. Қалғанының құрылысы келер жылы жалғасады. Сонымен қатар Шу ауданы, Қонаев ауылындағы 180 орындық мәдениет үйі бой көтерді. – Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша сөз қозғайтын болсақ, осы жылы құрылыс саласына 225,9 миллиард теңгеге инвестиция тарту межеленіп, құрылыс жұмыстарының көлемі – 100,4 пайызға орындау белгіленген болатын. Қаңтар-қараша айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 101,6 пайызға орындалды. Пайдалануға берілетін тұрғын үй бойынша осы жылы 689 мың шаршы метр көлемін орындау жоспарланған. Оның ішінде 192,9 мың шаршы метрі (28 пайыз) бюджет қаражаты, 496,1 мың шаршы метрі (72 пайыз) жеке инвестиция есебінен орындалып отыр. Аталған құрылыс жұмыстары 100 пайызға орындалды. Бүгінде облыс бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 36 566 азамат тіркелген. Осы жылы құны 24,7 миллиард теңгелік жобалар іске асырылды. Қазіргі таңда 4 388 пәтерлі 68 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 22 нысан былтырғы жылдан өтпелі. Ал биыл 680 пәтерлі 11 арендалық, 3 648 пәтерлі 56 кредиттік және 60 пәтерлі 1 пилоттық жоба бойынша қолға алынды. Жыл қорытындысымен 192,9 мың шаршы метрлік 2 740 пәтерлі 41 үй және 560 пәтерлі 9 арендалық, 2 180 пәтерлі 32 кредиттік үйлер пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазіргі таңда 1 320 пәтерлі 19 үйдің құрылыс жұмыстары аяқталды. Биыл «Асарлатып үй салу» жобасымен 121 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Осыдан біршама уақыт бұрын жетпістен астам үйдің құрылысы аяқталып, тұрғын үйге мұқтаж отбасыларға табысталды, – дейді облыс әкімдігі құрылыс басқармасының мамандары. Облыс бойынша жеке тұрғын үй салу үшін жер алуға 168 033 азамат кезекте тұрыпты. Бір жыл 9 айда кезекке 39,6 мың азамат қосылған. Осы жылы 9,2 миллиард теңгені құрайтын 20 алқапта 33 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобаларының құрылысы жүргізілген. Жыл соңында 32 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталыпты. Ал қалған 1 нысанның құрылысы келер жылы бітетін болады. Нәтижесінде 3 198 жер телімі кезекте тұрған азаматтарға тарту етілмек. Ең ірі деген үш сала бойынша өңірде жыл ішінде атқарылған жұмыстардың реті осы. Алдағы жылы да Мемлекет басшысының Жолдауларынан туындаған міндеттер мен тапсырмалардың жүзеге асырыла беретіні анық. Бұл тұрғыда аталған сала мамандарының атқарған жұмысын мемлекеттің, оның ішінде халқымыздың болашағы алдындағы жауапкершілігі деп білеміз. Нұржан ӘЛІШ