Бүгінгі таңда Жуалы ауданында су пайдаланушы шаруашылықтарға суды жеткізіп берумен «Ақсай» өндірістік бөлімшесі айналысады. Бөлімше басшысы Дәулет Нұрабаевтың айтуынша, «Ақсай» өндірістік бөлімшесі 6347 гектар алқапты сумен қамтамасыз етуде. Атап айтсақ, Ақсай каналы 1990, Көксай 1684, Теріс 1819, Күркүреусу 854 гектар алқапты ылғалдандыруда.
Ақсай суландыру жүйесі 1979 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Суды Ақсай өзенінен алады. Ақсай магистралды каналы бетон лотоктан жасалған. Оның ұзындығы – 12,24 километр. Магистралды каналдан кейінгі тәуліктік су реттегіштің (ТСР) су жинау көлемі 50 мың текше метр. Тәуліктік су реттегіштің сол жақ тармағының ұзындығы 13,16 километр, канал темір-бетон жерасты құбырдан жасалған, су өткізгіштігі 1 текше метр, оның суын Ақсай ауылдық округінің тұрғындары пайдаланады.
Ал, тәуліктік су реттегіштің оң жақ тармағының ұзындығы – 14,889 километр, бұл канал да темір-бетон, оның да су өткізгіштігі – 1 текше метр, ол Көкбастау бағытында орналасқан. Ақсай суландыру жүйесі Ақсай, Мыңбұлақ, Көкбастау, Қарасаз және Б.Момышұлы ауылдық округтері шаруа қожалықтарының су пайдаланушыларын сумен қамтамасыз етеді. Ақсай суландыру жүйесі бойынша жүзге тарта шаруа қожалық су алады. Бүгінгі таңда Ақсай каналы арқылы шаруа қожалықтарға секундына 600 литр су беріліп жатыр.
– Мемлекет басшысы Жолдауда Үкіметке су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдерді әзірлеуді тапсырған еді. Бүгінгі таңда су ресурстарын тиімді пайдалану өзекті мәселенің бірі. Бұл бағытта қолға алған жұмыстар да жоқ емес. Атап айтқанда, республикалық бағдарлама бойынша «Евразиялық Даму Банкі» арқылы қаржыландырылатын жобалар бар. Соның бірі – Ақсай суландыру жүйесі бойынша – 12,24 километр магистралды каналдың 5 километр бөлігіндегі бетон плиталары ауыстырылды. Ал Көксай каналының құрылысына жалпы 5,3 миллиард теңге бөлініп, каналдың құрылысы 2013 жылы басталып, 2015 жылдың аяғында салынып бітті. Жаңа канал жер астымен темір трубадан салынды. Канал бойында 18 жерден тамшылатып, жаңбырлатып суғаруға су бөлу құдықтары орналасқан. Оның ұзындығы – 22,5 километрді құрайды. Су өткізгіштігі – 3,5 текше метр. Суармалы алқап – 3500 гектарды құрайды. Канал жаңа үлгідегі жобамен салынып, онда электр қуаты тартылып, құрылым толық автоматтандырылған, – дейді бөлім басшысы.
Магистралды каналдан кейінгі оның сол жақ тармағының ұзындығы – 14 километрді құрайды, канал жерден қазылып жасалған. Су өткізгіштігі – 2 текше метр. Ол жерге де бетон канал салынуда. Онымен Қызыларық және Нұрлыкент ауылдық округтерінің су пайдаланушы шаруа қожалықтары егістіктерін ылғалдандырады. Магистралды каналдан кейінгі оң жақ тармақ ұзындығы – 5 километр. Канал бетон лотоктан жасалған. Су өткізгіштігі – 1 текше метр. Бұл каналмен Ақтөбе ауылдық округінің шаруа қожалықтары егістіктеріне су алып, алқаптарын ылғалдандыруда.
Бүгінгі күні Көксай суландыру жүйесі бойынша елу-алпыс шаруа қожалық келісімшартқа отырып, су алуда. Онымен Көксай каналы арқылы шаруа қожалықтарға 900 литр су берілуде.
Республикалық бағдарлама бойынша «Евразиялық Даму Банкі» арқылы қаржыландырылатын жобалар бар. Атап айтсақ, Көксай суландыру жүйесі бойынша 14 километр каналдың 4,5 километрін бетон плиталармен қаптау, қалған 9,5 километрін механикалық тазалау көзделген. Бұл жұмыстармен қатар, Көксай мен Тихий каналының жобасын «Павлодарский порт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.
Тихий каналы 1948 жылдан бастап жұмыс істеуде. Канал жерден қазылып жасалған, ұзындығы – 6,9 километр, су өтізгіштігі – 1 текше метр, суғармалы алқап – 639 гектарды құрайды. Тихий каналынан Нұрлыкент ауылдық округінің шаруа қожалықтары су алуда. «Гамбург» және «Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестері тамшылатып суғару жүйесімен 389,9 гектар алқапты ылғалдандыруда. Биыл Тихий суландыру жүйесі бойынша төрт-бес шаруа қожалық келісімшартқа отырып, оларға каналдан секундына 150 литр су босатылуда. Тихий каналына «Ақсай» ӨБ механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді.
«Бүгінгі таңда негізгі су тұтынушы – ауыл шаруашылығы. Мемлекет басшысы Жолдауында атап өткендей, ауыл шаруашылығы экономиканы дамытудың драйверлерінің бірі. Соның ішінде суармалы жердің орны ерекше. Сондықтан да билік трансшекаралық өзендердің жағдайына барынша алаңдаушылық танытып, олардың құрылыс жұмысына мүмкіндігінше қарайласуда. Мемлекет басшысының қолдауымен Көксай каналы шешімін тапса, мұндай қолдаулар өзге каналдарға да көрсетіліп келеді. Соның бірі – Таракул каналы.
Канал 1935 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Жерден қазылып жасалған, ұзындығы – 7,5 километр, су өткізгіштігі – 0,8 текше метр, суғармалы аумақ – 392 гектарды құрайды. Республикалық бағдарлама бойынша 2021 жылы каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Каналды «Ақсай» ӨБ жұмысшылары қоқыстан, ұйықтан тазартып, қамыстарын өртеп су беру науқанына дайындаған болатын.
Ақмолда каналы 1960 жылдан бастап жұмыс істейді. Каналдың 6,5 километрі бетон латоктан жасалған және 5 километрі жерден қазылып салынған. Су өткізгіштігі – 1 текше метр. Ақмолда каналының басы және басындағы бас қондырғысы Қырғыз Республикасында орналасқан. 2018 жылдың басында Ақтөбе ауылдық округі теңгерімінен «Қазсушар» мекемесінің облыстық филиалына берілген. Бүгінгі таңда Қырғыз мемлекетімен су беру туралы келісімшарты болмағандықтан, су беріліп жатқан жоқ. Өткен жылы «Ақсай» ӨБ су пайдаланушыларға 27,50112 миллион текше метр су жеткізіліп беріп, жоспарды 100,2 пайызға орындаған. Ал, биыл бұл бағыттағы жұмыстар орындалып, су пайдаланушы аудан шаруашылықтарына ағын су кедергісіз жеткізілуде», – дейді «Ақсай» өндірістік бөлімшесінің басшысы Дәулет Нұрабаев.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Өңірдің өндірісі өрістеуде
Ұқсас жаңалықтар
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді
- авторСадуақас Айсұлу
- 23 желтоқсан, 2024