Өңірдің өндірісі өрістеуде
Мемлекеттің қолдауының арқасында Жамбыл облысының өндірісі жыл сайын өрістеп келеді. Осы бағытта қолға алынған ілкімді істер көңіл қуантады. Әрине, бұл облыс экономикасын өркендетіп қана қоймай, халықтың әл-ауқатының артуына да сеп болуда.
Бүгінде облысымызда 839 кәсіпорын жұмыс істеуде. Оның 14-і ірі, 21-і орта, 804-і шағын кәсіпкерлік нысанына жатады. Аталған кәсіпорындарда 45,7 мыңнан астам адам жұмыс істеуде. Осының арқасында облысымыздағы өнеркәсіп саласының даму динамикасында оң үрдіс сақталып отыр.
Айталық, ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында Жамбыл облысының өнеркәсіп кәсіпорындары 510 миллиард теңге өнім өндіріп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 107,8 құраған. Сондай-ақ тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында өндірілген өнім көлемі 60,3 миллиард теңгеге жетсе, саланың жалпы өндірілген өндірістік өнім көлемінде үлес салмағы 11,8 пайызды көрсеткен. Бұдан бөлек, өңдеу өнеркәсібі саласында 365,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар химия, жеңіл өнеркәсіп және машина жасау салаларында да өнім көлемі артқан. Бұған кәсіпорындарда жаңа өнім түрі өндіріліп, жаңғырту жұмыстарының жүргізілуінің нәтижесінде қол жеткізілгені анық.
Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, аймақ өнеркәсібінің дамуын ынталандыру үшін ішкі нарықты отандық бәсекеге қабілетті тауарлармен қамтамасыз етіп, қойылған міндеттерді іске асыру арқылы жүйелі проблемалар мен кедергілерді шешуіміз қажет екен.
– Осы орайда ішкі және сыртқы нарықтарда тауарлар номенклатурасын кеңейту жөніндегі міндеттерді іске асыруда көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, 2026 жылға дейін қара металлургияда құрылыс арматурасын, түсті металлургияда Доре қорытпасының алтын өндірісі, химия өнеркәсібінде натрий цианиді, минералды тыңайтқыштар, құрылыс индустриясында кірпіш (керамика, керамзит), темірбетон, бетон, құрғақ қоспалар және басқа да тауарлар өндірісін ұлғайту жоспарлануда. Мәселен, қара металлургия бойынша «Тараз арматура зауыты» ЖШС жылдық қуаттылығы 200 мың тоннаға дейінгі құрылыс арматурасын өндіру жобасын іске асыруда. Ал химия өнеркәсібінде «Talas Investment Company» ЖШС натрий цианидін өндіруді 30 мың тоннаға дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұған қоса «ЕвроХим тыңайтқыштар» ЖШС минералды тыңайтқыштар өндіретін химиялық зауыт құрылысын жүргізуде. Ал «Qazaq soda» ЖШС кальцийленген сода өндіретін зауыт салу жобасын іске асырмақ. Құрылыс материалдары өндірісінде «Жамбыл гипс» АҚ мен «Алина ПРО» ЖШС өндірілетін тауарлар номенклатурасын кеңейтуде. Жеңіл өнеркәсіпте отандық шикізатты қайта өңдеуге, сондай-ақ аяқ киім, маталар, тоқыма бұйымдарын өндіруге бағытталған тауарларды өндіру көзделуде. Тағы бір айта кетерлігі, өңдеу өнеркәсібі саласындағы жобаларды іске асыру үшін «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы және «Тараз» республикалық маңызы бар индустриялық аймақтарының қызметтері жандандырылуда. Кәсіпорындар үшін «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу жөніндегі жұмыстар да әрі қарай өз жалғасын табады, – дейді басқарма басшысы.
Жамбылда инвестициялық жобалар да жандандануда. Соның жарқын дәлелі – 2023 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша аймақта 268,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 7,2 пайызды құраған. Мәселен, өткен жылы 62 миллион АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылып, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3 есеге артыпты. Ал ағымдағы жылдың І тоқсанның қорытындысы бойынша облысқа 30,9 миллион АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция келген. Облысымыздың инвестициялық ахуалын бағалауда, сондай-ақ қажетті шараларды ұйымдастыру мақсатында апта сайын инвестициялық штаб отырысы да өткізіліп тұрады. Жыл басынан бергі 38 штаб отырысында 95 жоба, оның ішінде жалпы құны 1,3 триллион теңгені құрайтын 23 шетелдік инвестициялық жоба қаралып, 80 миллиард теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде 10 миллиарды құрылыс, 13 миллиарды химия, 7 миллиарды жаңартылған энергия көздері, 39 миллиарды өнеркәсіп саласына тиесілі. Басқарманың мәліметінше, 2026 жылға дейін 1,9 триллион теңгеге 4 мың жұмыс орнын құра отырып, 60 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр екен. Оның ішінде құны 1,6 триллион теңге болатын ТОП-10 әлеуметтік және экономикалық маңызды инвестициялық жобалар қалыптастырылса, құны 1,6 триллион теңге болатын шетелдік үлесі бар 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Биылдың өзінде 93,1 миллиард теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба іске асырылып, 272 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде.
Облыста инфляциямен күрес күшейіп келеді. Нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 3,9 пайызды құраған. Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша да атқарылған ауқымды жұмыстар аз емес.
Айталық, көкөніс тауарларының маусымаралық кезеңде бағасын тұрақтандыру мақсатында ақпан айының басынан бері барлығы 3 063 тоннаға интервенция жүргізілсе, жыл басынан бері артық 43 делдалдық буын жойылған. Сондай-ақ облыс бойынша 180 ірі сауда дүкеніне делдалсыз 2 961 тонна 9 тауар түрі тікелей жеткізілуде. Сонымен қатар өңіріміздегі 244 ірі сауда желісімен 11 412,5 тонна көлемінде 10 тауар түрі бойынша күзгі форвардтық келісім жасалып, 103 жәрмеңке өткізіліп, 993,3 миллион теңгеге 3,8 мың тонна арзандатылған ауыл шаруашылығы өнімдері сатылған. Бұл ретте сауда үстемесін көтермеу туралы барлығы 1 290 меморандум жасалыпты.
Облыста 2022 жылы «айналым схемасы» арқылы қаржыландыруды 5,5 миллиард теңгеге жеткізу бойынша индикатор белгіленген болатын. Соған орай жергілікті бюджеттен индикатор толық орындалып, бұған бағытталған қаражат 5,5 миллиард теңгені құраған. Бөлінген қаражат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және тапшылығын болдырмау мақсатында игерілуде. Бүгінгі таңда ағымдағы жылға барлығы 11 103 тоннаға көкөніс тауарларына форвардтық келісімдер әзірленген.
Өңірде кәсіпкерліктің де көкжиегі кеңейіп келеді. Мәселен, ағымдағы жылдын сегіз айында облыста орналасқан қаржы институттарымен сомасы 111,9 миллиард теңгені құрайтын барлығы 38 615 кәсіпкерге несие берілген. Бұл қаражаттың 59,8 пайызы, яғни 66,9 миллиард теңгесі екінші деңгейлі банктер, 12,8 пайызы, яғни 14,3 миллиард теңгесі «ҚазАгро» Ұлттық Басқарушы Холдингінің еншілес компаниялары, 21,4 пайызы яғни 23,9 миллиард теңгесі микроқаржы ұйымдары, қалған 6 пайызы, яғни 6,7 миллиард теңгесі «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы несиелендірілген. Берілген несиелердің 44,4 миллиард теңгені құрайтын 3 417 жобасы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылды.
Облыста кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруға 2023 жылға 15,6 миллиард теңге бөлініп, аталған жоба және «Қарапайым заттар экономи-касы» бағдарламасы аясында 21,5 миллиард теңгені құрайтын 1002 жобаға қолдау көрсетілген. Осының арқасында Жамбыл обысы 2010-2023 жылдар аралығындағы рейтингте субсидия құралы аясында қаржыландырылған 6 144 жобамен 5-орында, кепілдендіру құралы аясында қаржыландырылған 4 348 жобамен 2-орынға орныққан. Ал ағымдағы жылы субсидия құралы аясында қаржыландырылған 537 жобамен 6-шы, кепілдендіру құралы аясында қаржыландырылған 477 жобамен 4-орынға қол жеткізді.
Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау арқасында жыл басынан бері 15 145 кәсіпкерлік субьектісі жұмысын бастады. Осылайша, кәсіпкерлік нысандарының саны былтырмен салыстырғанда 135,4 пайызға өскен. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 1-ші тоқсанына шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылған адамдар саны 157 125 адамнан асып жығылған. Тиісінше, есепті мерзімде кәсіпкерлік нысандары тарапынан 129,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Енді жыл соңына дейін жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер санын 110 мыңға, онда жұмыспен қамтылғандар санын 160 мыңға дейін өсіру жоспарлануда.