Италиядан келген туристер «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосты
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына Жамбыл облысының тұрғындары белсенді атсалысуда.
Италиядан келген туристер «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына өз үлестерін қосты, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Экологиялық науқан аясында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бастамасымен Тараз қаласындағы «Қарахан баба» кенесіне алма ағаштары отырғызылды. Мұндағы мақсат – келген турист, қонақтарға жайлы жағдай жасау. Акцияға «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ұжымынан бөлек, белгілі тарихшылар, мәдениет саласының мамандары , журналистер, қала тұрғындары мен жастар қатысты.
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» музей-қорығының бастамасымен өткен шарапатты шарадан шетелдіктер де тыс қалмады. Аймаққа экскурсиямен Италиядан келген туристер де тал отырғызып, ерекше әсер алып қайтты. Италияның Неаполь, Рим, Турин мен Милан қалаларынан шығып Әулие ата жеріне табан тіреген туристер қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» акциясына өте жоғары бағаларын берді.
«Қарахан баба» кесенесінен басталған тал егу науқаны алдағы уақытта барлық тарихи ескерткіштердің аумағында жалғасатын болады. Одан бөлек бүгін кесене аумағында жастар мен еріктілердің көмегімен тазалық жұмыстары жүргізілді. Қураған талдар бұталып, тарихи нысанның аумағынан шығарылды.