Ербол Қарашөкеев жауаптыларға экономикалық өсім бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды
- авторМағжан Орынбасар
- 20 тамыз, 2024
- 515
Жиында облыстың әлеуметтік – экономикалық даму қорытындылары айтылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Басқосуда бірінші мәселе бойынша экономика және бюджеттік жобалау басқармасының басшысы Сандуғаш Әбдрәлиева баяндама жасады. Оның сөзінше, жыл басынан бергі 7 ай бойынша облыстың экономикалық өсімі 103,3 пайызды құраған. Бұл ауыл шаруашылығы, құрылыс, негізгі капиталға салынған инвестиция, тұрғын үй, сауда, көлік, байланыс салаларындағы өсім есебінен қалыптасып отыр. Дей тұрғанмен, төмен көрсеткішке ие салалар да бар.
- Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өнімінің көлемі төмендеді. Жұмыссыздық 4,8 пайыз деңгейінде қалыптасты. Инфляция деңгейі жыл басынан бері 104,1 пайызды құрап, республикалық орташа көрсеткіштен төмендеді. Биылғы қаңтар-шілде айларында өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 8 пайызға төмен болғанымен, тиісті кезеңдегі жоспар артығымен орындалды. Құрылыс және көлік салаларында жоспар 4,4 және 3,2 пайызға артық қамтамасыз етілді,- деді Сандуғаш Әбдрәлиева.
Сонымен қатар, басқарма басшысы өңдеу әнеркәсібіндегі өндіріс кенжелеп қалғанын, бірқатар бағытта жоспарлы көрсеткішке қол жеткізілмеу қаупі барын атап өтті.
- Есепті кезеңде жалпы салада өсім орын алғанымен, белгіленген жоспар саудада 1,9 пайызға, ауыл шаруашылығы 0,4 пайыз тармаққа, ақпарат және байланыс саласы 0,3 пайыз тармаққа орындалмаған. Жыл қорытындысымен барлық салада өсім болатыны күтілуде. Дегенмен, үкімет тарапынан қойылған меже өңдеу өнеркәсібінде 2,5 пайыз тармаққа, саудада 7,3 пайыз тармаққа орындалмау қаупі бар. 2024 жылы қаңтар – шілдеде өнеркәсіп өнімдері 495 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,3 пайызға төмендеді,- деді экономика және бюджеттік жобалау басқармасының басшысы.
Бұдан кейін аудандар бөлінісіндегі әр сала бойынша атқарылған жұмыс нәтижелері айтылды. Межеге сай келмейтін көрсеткіш еншілеген аудан басшыларынан облыс әкімі жеке-жеке жауап алып, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, экономикалық өсім көрсеткішіне көңілі толмайтынын айтып, сала басшыларына жұмысты жандандыруды тапсырды.
- Биылғы жылы экономикалық өсім бойынша меже 106 пайыз. Осы деңгейде белгіленгені бәріңізге мәлім. Қазір бұл көрсеткіш 103,3 пайызды көрсетіп отыр. Бұл көңіл толатындай көрсеткіш емес. Көрсеткіштердің төмендеуі немес жоғарылауы сала басшылары мен аудан әкімдерінің ұйымдастыру жұмыстарына тікелей байланысты. Сондықтан осы мәселені қолға алып, жұмысты жандандыру керек,- деді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.