«Күлеке, Сізде арман жоқ»: Дана Нұржігіт анасынан айырылған Дәулет Мұқаевқа жан тебірентерлік жазба арнады
- авторҚұралай Сейсенбекқызы
- 1 тамыз, 2024
- 755
Белгілі тележурналист Дана Нұржігіт желідегі парақшасына жан тебірентерлік жазба жариялап, оқырмандардың жүрегін елжіретті, – деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Журналист Дәулеттің қалам, кітап ұстағанын, құндақталы перзентіне қуанғанын, барын бергенін, Парламентте сөйлегенін көргенін, алайда бір-ақ күнде есейіп, анасының табытының соңынан аңырап бара жатқан Дәулетті көремін деп ойламағанын жасырмады.
«Кеше ғана көзінде оты бар 9 сыныптың баласын семейлік ата-ана – Төлеутай мен Күлпаш студияға алып келген еді. Кеше ғана қимай-қимай, Дәулеттің «көш-көш» дегеніне әрең көніп, Семейден Астанаға келген еді. Баласы, немерелері үшін…Құдайдың аяулы Күлекеңе өлшеп берген еншісі осы болған екен-ау! Көңілге медеу болар не бар дегенде, Дәулеттің анасын жерлеп келгендегі аста айтқан сөзі болды. Қабырғасы қайысып, тұла бойын басқан қара қайғыны жамылып тұрып, бойын тік түзеп, нағыз ұл, нағыз азаматтың, нағыз ердің сөзін айтты. Мынандай ұлды қазаққа сыйлаған, Күлеке, Сізде арман жоқ! Жаныңыз жәннәттің төрінде шалқысын!» деп жазды Дана Нұржігіт.
Ал әлеуметтік желі қолданушылары «Даулеттей ұлды тәрбиелеген анасына мың алғыс, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!», «Нағыз ер азамат!», «Анасында арман жоқ» деп пікір жазған.