Көлік жүргізуді үйрететін автомектептердің сапасы төмен–ІІМ
Көлік жүргізуді үйрететін автомектептердің сапасы төмен–ІІМ
ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов автомектептердің оқыту сапасын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат .
«Биыл полиция 4,5 млн жол ережесін бұзудың жолын кесті. 17,5 мың мас жүргізуші ұсталды, 20 мың жүргізуші басқару құқығынан айрылды, 16 мың адам әкімшілік қамауға алынды, 188 мың жаяу кісіге айыппұл салынды. Жалпы айыппұл көлемі – 49 млрд теңге», - деді Ішкі істер министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында. Көбіне, мұның себебі – автомектептерге қойылатын талаптар мен жүргізуші даярлау сапасының әлсіреуі. «Қазір 747 оқу орталығы бар. 2018 жылдан бастап оларға лицензия мен рұқсат беру алып тасталды. 2020 жылдан бері олардың қызметіне мемлекеттік бақылау да жоқ. Дайындықтың төмен сапасы үшін әкімшілік жауапкершілік жойылды. Осының кесірінен – оқу процесі формализмге айналды. Көп мектептерде керекті материалдық база жоқ», - деді М. Ахметжанов. Талдау көрсеткендей, жүргізушілер арасында адам өліміне әкеп соқтырған апаттардың 50% - «өздері көлік жүргізіп үйренгендер». «Мойындау керек, мемлекет бұл салада бақылауды жоғалтып алды. Сондықтан, қазіргі уақытта министрлік тиісті ұсыныстарды әзірлеп жатыр», - деді министр.