Күннің ерте батуына байланысты сабақ уақыты қысқара ма?
- авторjambylinfo.kz
- 27 қараша, 2024
- 942
Мессенджерлерде күннің ерте батуына байланысты сабақ уақыты қысқаратыны туралы ақпарат тарады. Жауапты ведомство бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz. Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
"2-ауысым оқушылары сабақтан тарағанда күн өте қараңғы болуына байланысты сабақ ұзақтығы уақытша 40 минутқа ауыстырылды", - делінген тараған ақпаратта.
Оқу-ағарту министрлігі бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
"Сабақ уақыттарын заң бойынша жергілікті орган шешеді. Себебі аяз немесе түрлі іс-шара секілді түрлі жағдай болады", - делінген жауапта.
Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері күннің ерте батуына байланысты сабақ уақытын қысқарту жоспарда жоғын айтты.
Бұл хабарлама Астанадағы ата-аналар чатында тараған. Редакция Астана білім басқармасына сауал жолдады.
"Астана қаласының Білім басқармасы қысқы уақытта сабақтардың ұзақтығын қысқарту туралы бұйрық шығармады. Сол себепті, сабақ уақытын қысқарту мәселесі қарастырылып жатқан жоқ", - деп жауап берді ведомстводағылар.
Еске салайық, 2024 жылғы 1 наурызда Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Бірақ тұрғындардың басым көпшілігі бірыңғай уақыт белдеуі кері әсер етіп жатқанын айтып, петиция жинады.
Кейін Үкіметте уақыт белдеуіне қатысты дауға нүкте қойылды.
Премьер-министр Олжас Бектенов неғұрлым түсінікті ақпараттық-түсіндіру науқанын жүргізуді тапсырды.
"Сауда министрі қолданыстағы уақыт белдеуіне қатысты жан-жақты дәлелдер келтіре отырып, нақты жауап берді. Үкімет бұл шешімді қолдайды. Біз бірыңғай уақыт белдеуіне бекерден-бекер ауысқан жоқпыз. Ел аумағының көп бөлігі бесінші уақыт белдеуінде орналасқан. Сондықтан бұл - ғылыми тұрғыдан дұрыс шешім", - деді Бектенов.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз