Кәсіпкер заңсыз алған субсидия қаражатын құмар ойынға жұмсаған
Келтірілген жалпы залал 300 млн теңгеден асты.
Жетісулық кәсіпкер мемлекеттен заңсыз субсидия алып, оны құмар ойынға жұмсады деген күдікпен тергеліп жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Қаржы мониторингі агенттігіне afm_rk сілтеме жасап.
Ведомствоның Жетісу облысы бойынша департаменті субсидия жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатқанын мәлім етті.
Тергеу нұсқасы бойынша компания басшысы екі жыл бойы жалған құжаттарды пайдаланып, мемлекет тарапынан сүт өнімдерін қайта өңдеуге бөлінген субсидияларды заңсыз түрде "Ауыл шаруашылығы басқармасынан" ММ алып отырған.
"Келтірілген жалпы залал 300 млн теңгеден асты. Шығындарды растау үшін басқармаға жеке кәсіпкерлерден шикі сүт сатып алу жөніндегі өзара есеп айырысулар туралы жалған құжаттар мен май өндіру бойынша жалған мәліметтер ұсынылған.
Сонымен қатар заңсыз алынған 110 млн теңге мөлшеріндегі субсидияны күдікті құмар ойындарға жұмсаған", - делінген хабарламада.
Сот санкциясымен құны 300 млн астам теңге болатын зауытқа тыйым салынды.
Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үй қамаққа алу түрі қолданылды.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.