Жаңалықтар

Күйеу баласы соғымның етін ұрлап кетті

Күйеу баласы соғымның етін ұрлап кетті

  Т.Рысқұлов аудандық полиция бөліміне Көгершін ауылының тұрғыны xабарласып, үйінің жанындағы қорасында жаюлы тұрған жылқы және қой малдарының етін белгісіз тұлғалардың ұрлап кеткендігі туралы арызданған. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында осы ауылдың 33 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол - арызданушының келесі көшеде тұратын күйеубаласы екені белгілі болды. Анықталғандай, ол соғым еттерінің жайылып тұрғанын алдын ала біліп, қораның есігінің құлпын бұзу арқылы түнгі уақытта жасырын кірген. Тіпті, қойды сойған кезде туыстарының үйінде көмектесіп жүрген. Тергеу барысында күдікті жақын туысының үйіне ұрлыққа түскенде масаң күйде болғанын, соғым еттерін үйіне апарып асып жеу мақсатында қылмыс жасағанын мойындады. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағымен (тұрғын үй-жайға заңсыз кiрумен жасалған ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Көрсетілген бапқа сәйкес, екі жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.